Қазақстан мен Түркия арасындағы әуе рейстерінің саны артуы мүмкін. Бұл жөнінде сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Түркия үкіметаралық комиссиясының XII отырысында айтылды. Жиында төрағалық еткен ел Премьер-Министрі мен Түркия вице-президенті Фуат Октай әуе жолдарының географиясын кеңейту мәселесіне тоқталды. Бұл тақырыптың қаузалуы бекер емес. Түркия - Қазақстанның маңызды сауда-экономикалық және инвестициялық серіктестерінің бірі. Өткен жылдың қорытындысы бойынша екі ел арасындағы тауар айналымы 33%-ға өсіп, 4,1 млрд доллардан асты. Түркияға шығарылған экспорт көлемі 39%-ға артты. Ал импортталған түркиялық тауарлар көлемі 20,5%-ға артып, 1,1 млрд долларға жетті. Түрік кәсіпкерлері Қазақстанда жалпы құны 5,5 млрд доллардың инвестициялық жобаларын жүзеге асырып жатыр. Жиында саудадан бөлек, транзиттік-көлік, өнеркәсіп, туризм, геология, денсаулық сақтау және агроөнеркәсіптік кешен салаларындағы мәселелер қаралды.
![](https://px.mediadata.kz/s.gif?mh_id=7916e9245b3c5232be2c21bfdafded87&mh_news=Елордада Қазақстан-Түркия үкіметаралық комиссиясының XII отырысы өтті&mh_tags=Qazaqstan&mh_page=https://qazaqstan.tv./index.php/news/154054/)