Ақмола облысында ақтүтек бораннан 97 елдімекенде жарық өшті. Ғимараттар мен көліктерге зақым келген. Аймақтағы ахуалды Ермек Елберген баяндайды.
Ермек Елберген, тілші:
Ақмола облысында кеше кешке басталған дауылдан 97 елдімекенде жарық сөнді. Біразында әлі жарық жоқ. Қазіргі мәлімет бойынша, тек 30 ауылға электр энергиясы берілді. Қалпына келтіру жұмыстары жалғасып жатыр. Сондай-ақ 7 нысанның шатырына зақым келді. Олардың қатарында мектептер,тұрғын үйлер және әкімшілік ғимараты бар. Шығын анықталып жатыр. Сондай-ақ ірі жол апаты да тіркелді. Аршалы ауданының Ижевское ауылы маңында 20-дан астам көлік соғылды. Жалпы жолда қалған 270 адамға көмек көрсетілді. Қолайсыз ауа райы бүгін де сақталады. Дабылды ескерту берілді. Сондықтан мамандар жолға шықпай, сақ болуға шақырады.
![](https://px.mediadata.kz/s.gif?mh_id=7916e9245b3c5232be2c21bfdafded87&mh_news=Ақмола облысында бораннан 97 елдімекен жарықсыз қалды&mh_tags=Qazaqstan&mh_page=https://qazaqstan.tv./index.php/news/155126/)