Сырдария өзенінің деңгейі көтеріліп, жайылымдық, шабындық жерлерге су жіберілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сырдария өзенінің деңгейі көтеріліп, жайылымдық, шабындық жерлерге су жіберілді

04.04.2022

Қызылорда облысында Сырдария өзенінің деңгейі көтеріліп, көлдер мен жайылымдық, шабындық жерлерге су жіберілді. Өңір тұрғындары бірнеше жылдан бері тақырға айналған далаға ылғал тиіп, мал жейтін көк шығады деп қуанып отыр.

Әділбек Серікұлы, тілші:
Сырдың суы молайып, қазір Қызылорда тоспасынан секундына 536 текше метр су өтіп жатыр. Мұндай көлемді су дарияда соңғы рет 2017 жылы болған. Жағдайдың жақсаруына көктемде ауа райының жауын-шашынды болуы үлкен септігін тигізіп отыр. Сондай-ақ жоғарыдағы көршілес елдер де судан қыспай, Қазақстанға тиесілі лимитін жіберуде. Осының арқасында Шардара су қоймасы толып, қазір Көксарай су реттегішіне жиналуда. Мамандардың айтуынша, өзеннің төменгі сағасында жатқан Сыр өңірінің де бірнеше жылдан бері су келмеген көлдер жүйесі қайта қалпына келіп жатыр.
Сейілбек Нұрымбетов, «Арал-Сырдария бассейіндік» инспекциясының басшысы:
Көлдер жүйесі магистральды каналдармен жоңышқа, бидай егісіне алынып жатыр. Шабындықтарға су беріліп жатыр. Қамбаш пен Ақшатау көлдер жүйесі Арал ауданындағы 5-6 айдың шамасында екі көлге қосқанда орташа есеппен 750 млн текше метрдей су берді.
Әділбек Серікұлы, тілші:
Егінші қауым үшін қуануға әлі ерте. Бұл табиғи құбылыспен көбейген су енді бірте-бірте азая түседі. Аймақтың басты дақылы күріш алқаптарына жаз айларында су қаншалықты жетеді деген мәселе әлі ашық күйінде қалып тұр. Су мамандары сәуір айының орта тұсында күзге дейінгі дария деңгейінің болжамы белгілі болады деп отыр.

Әділбек Серікұлы


Хабарламаларға жазылу