Солтүстік Қазақстанда шағын өзендер арнасынан асып, таси бастады. Бүгін теріскейде күн күрт жылынған болатын. Төтенше жағдай қызметінің мамандары су қоймаларына жақын орналасқан елдімекендерге қауіп төніп тұрғанын жеткізді. 6 мың тұрғыны бар 85 елдімекен бақылауға алынды. Дегенмен үйлерді су басу, жолдарды шаю фактілері тіркелген жоқ. Гидролог мамандар тәулігіне 4 рет өзен-көлдерде мониторинг жүргізеді. Өңірде су деңгейін бақылайтын 19 бекет бар. Сергеев су қоймасы 76% толды. Кеше оның деңгейі 2 сантиметрге көтерілген еді. Былтыр осы кездегі көрсеткіш 85% болатын.
Наталия Левина, «Қазгидромет» АҚ СҚО бойынша филиалы директорының орынбасары:
Тәулікте облыстағы су қоймаларының деңгейі орта есеппен 18-20 сантиметрге көтерілді. Дегенмен биыл жағдай қалыпты, су тасқыны жылдағы мөлшерден көп болмайды. Сәуірдің 6-8 күндері түнде ауа температурасы біртіндеп төмендейді. Бұл қардың еруін аздап тежейді.
Эльмира Кәленова
![](https://px.mediadata.kz/s.gif?mh_id=7916e9245b3c5232be2c21bfdafded87&mh_news=Солтүстік Қазақстан: Гидролог мамандар тәулігіне 4 рет өзен-көлдерде мониторинг жүргізеді&mh_tags=Qazaqstan&mh_page=https://qazaqstan.tv./index.php/news/155385/)