Мемлекет басшысы Ауыл шаруашылығы министрін қабылдады. Ербол Қарашөкеев шаруалардың көктемгі егіс жұмыстарын жүргізуге дайындығы туралы баяндады. Президент осы бағыттағы қаржыландыру көлемін 2 есе көбейту туралы шешім қабылдады. Қасым-Жомарт Тоқаев азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, отандық тауарларды жаңа нарықтарға шығару, аграрлық ғылымды дамыту, көктемгі егісті сапалы жүргізу жөнінде де бірқатар тапсырма берді. Сондай-ақ, жерді тиімді пайдалану мен оларға бақылауды күшейту қажеттігін атап өтті.
Осыдан кейін Президент Энергетика министрі Болат Ақшолақовты қабылдады. Қасым-Жомарт Тоқаев министрге еліміздегі жылу энергетикалық нысандарда апаттардың жиілеп кетуіне, атап айтқанда, Петропавлдағы жағдайға қатысты мәселемен айналысуды тапсырды.Бұдан бөлек Болат Ақшолақов Мемлекет басшысына еліміздің отын-энергетика кешенін дамытудың негізгі көрсеткіштері, сондай-ақ, Каспий құбыр консорциумында қалыптасқан жағдайға байланысты қабылданған шаралар жөнінде есеп берілді.
Сондай-ақ, бүгін Мемлекет басшысы «Самұрық-Қазына» басқарма төрағасы Алмасадам Сәтқалиевті қабылдады. Қасым-Жомарт Тоқаевқа «Самұрық-Қазына» қорының биылғы үш айда атқарған жұмысының нәтижелері туралы есеп берілді.
Сәтқалиевтің мәліметінше Қор қазіргі уақытта жоспарланған көрсеткіштерге қол жеткізген. Осы қарқын биыл сақталады деп күтілуде. Кездесу қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамының жұмысына қатысты бірқатар нақты тапсырма берді.
Шерхан Жамбылұлы
![](https://px.mediadata.kz/s.gif?mh_id=7916e9245b3c5232be2c21bfdafded87&mh_news=Мемлекет басшысы Ауыл шаруашылығы министрін қабылдады&mh_tags=Qazaqstan&mh_page=https://qazaqstan.tv./index.php/news/155488/)