Қаңтардағы жаппай тәртіпсіздікке 12 ұйымдасқан қылмыстық топ қатысқан - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қаңтардағы жаппай тәртіпсіздікке 12 ұйымдасқан қылмыстық топ қатысқан

11.04.2022

Қаңтардағы жаппай тәртіпсіздікке 12 ұйымдасқан қылмыстық топ қатысқан. Бүгінде бұл топтардың 23 мүшесі қамауға алынды. Олардың арасында қылмыс әлемінің 4 серкесі бар. Бұл туралы бүгін еліміздің Бас прокуратурасы мәлімдеді. Террористерге тойтарыс бермей, жұмыс орнын тастап кеткен құқық қорғау басшылары да күдікке ілінген. Олардың қатарында Алматы әуежайын күзетсіз қалдырған полицияның бөлім басшысы да бар.

Прокурорлардың айтуынша, 12 қылмыстық топтың ішінде «Дикий Арман», «Қазақстандықтар» және «Айшуақ-Жантүгел» тобы ең белсенді болды. Сонымен қатар, Алматы қаласында құқық қорғау органдарына 4 снайпер оқ атқан. Олардың біреуінің сол кезде көзі жойылды. Оның кім екенін анықтау үшін сот-молекулярлық генетикалық сараптама жүргізілді.

Елдос Қилымжанов, ҚР Бас прокуратурасы қылмыстық қудалау қызметі бастығының орынбасары:

Ол С. есімді азамат болып шықты. Қайғылы қаңтар оқиғасы кезінде ол тұрғын үйдің төбесінде орналасып, Алматы қаласы полиция департаментінің қызметкерлеріне көздеп оқ атқан. Қазіргі таңда қалған 3 террористі анықтау бойынша жедел-іздестіру шаралары жүргізілуде.

Бүгінгі таңда жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастыру және қатысу бойынша 547 адам күдікті деп танылған. Оның 269-ы қамауға алынды. Күдікке ілінгендердің қатарында стратегиялық нысандардың басшылары да бар.

Берік Көшербай, тілші:

Алматы, Жамбыл және Қызылорда облысындағы Ұлттық қауіпсіздік комитеті және полиция департаментін, Алматы әуежайын тастап кеткені үшін осы мекеме басшылары күдікті ретінде танылған. Алматы әуежайының желілік полиция бөлім басшысы да ұсталған. Ол өзінің қызметтік міндетін орындамағаны үшін, яғни әуежайды күзетсіз қалдырғаны үшін айыпталды.

Әуежайда 40 полицей, 60 авиациялық қауіпсіздік қызметкері және 65 шекарашы болған. Қолдарында атыс қаруы бола тұра, шабуылшыларға неліктен тойтарыс бермегені анықталып жатыр. Ал ішкі істер министрілігінің тергеуінде 1090 қылмыстық іс бар. Ауыр және аса ауыр қылмыс жасаған 165 адам қамауда отыр.

Санжар Әділов, ҚР ІІМ тергеу департаментінің бастығы:

Жеке басын ескере отырып, 315 күдікті күзетпен ұстаудан босатылды. Бұл бірінші рет қылмыс жасап, кінәсін мойындаған адамдар. 377 күдіктіге қатысты қылмыстық тергеу аяқталды және олар сотқа берілді. Олардың көпшілігі ұрлық жасағандар, 196 адам. Қарудың заңсыз айналымы бойынша күдіктілер – 39.

Қаңтар оқиғасы кезінде қарапайым тұрғындарға жалпы сомасы 340 млн теңге көлемінде шығын келген. Полиция зардап шеккен азаматтарға материалдық залалды өндіріп беру бойынша жұмысқа басымдық беріп отыр.

Берік Көшербай

Хабарламаларға жазылу