Бүгін мемлекет басшысы баланы кибербуллингтен қорғау туралы заңға қол қойды. Ал бірнеше күн бұрын Ақтөбеде әлеуметтік қызмет көрсету орталығының қызметкерлері мүгедек балаларды ұрып-соққаны әшкере болды. Шағым түскеннен кейін прокурорлар мекеме ішіндегі бейнебақылау камераларын тексеріп, балаларға зорлық-зомбылық жасалғанын анықтаған. Алайда, мекеме басшылығы, қызметкерлердің қатігездік жасағанын жоққа шығарып отыр. Жақсыбек Кемал баяндайды.
Жақсыбек Кемал, тілші:
«Оқиға мына мекеме ішінде болған. Қазір бұл жерде 42 бала тәрбиеленіп жатыр. Алайда, орталық басшысы қызметкерінің зорлық-зомбылық жасағанына сенбей отыр».
Орталық директоры мекеме ішінде тазалық пен тәртіп барынша сақталатынын айтып, бізді сендіруге тырысты. Барлық бөлмеде бақылау камералары бар. Сондықтан санитарлардың балаларды ұрып-соғуы мүмкін емес, дейді.
Асылбек Мұхамбетқали, №1 Әлеуметтік қызмет көрсету орталығының директоры:
Қазір айып тағып тұр ғой, баланы ұрды деп, ол жерде баланы жатқыза алмай жатыр. Кереметтей ұрып жатқанын көріп жатқан жоқпын. Балалар бізде психо-неврологический балалар. Бұл жерде 5 жастан 18-ге дейінгі балалар.
Орталықта негізінен туа бітті сал ауруына шалдыққан, даун синдромымен ауыратын балалар тәрбиеленеді. Оларға 60-тан аса маман қызмет көрсетеді. Балаларға зорлық-зомбылық көрсетілгені туралы прокуратураға кім хабарлағаны айтылмады. Белгілісі – мұндай әрекеттер бірнеше мәрте қайталанған.
Андос Әбіл, Астана ауданы прокуратурасының бөлім прокуроры:
«Нәтижесінде кәмелетке толмағандарға қатысты ұрып-соғу, басқа да әрекеттер болғаны анықталды. Қазіргі кезде анықталған факт бойынша аудан прокуратурасымен ымен ҚК 110 бабы, 2 бабымен сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды».
Прокурорлар балаларды ұрып-соққан қызметкерлердің саны мен басқа да деректерді тергеу құпиялығына байланысты жариялаған жоқ. Алайда, қазір мекеме қызметкерлері түгелдей жұмыс орнында жүр.
Жақсыбек Кемал
![](https://px.mediadata.kz/s.gif?mh_id=7916e9245b3c5232be2c21bfdafded87&mh_news=Ақтөбеде балаларды ұрып-соққан мекеме қызметкерлеріне қатысты іс қозғалды&mh_tags=Qazaqstan&mh_page=https://qazaqstan.tv./index.php/news/157016/)