Кезінде кеденде жұмыс істеген азаматтар зейнетақымен қамтуды талап етеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Кезінде кеденде жұмыс істеген азаматтар зейнетақымен қамтуды талап етеді

05.05.2022

Кезінде кеденде жұмыс істеген азаматтар зейнетақымен қамтуды талап етеді. Себебі 2012 жылға дейін құқық қорғау органының қызметкері мәртебесіне ие болды. Кеденшілер саладағы көп реформаның кесірінен ескерусіз қалдық, дейді. Олар бұрынғы еңбек өтілін есепке алып,өз құқықтарын қорғау үшін арнайы Елордаға жиналды.

Жасан Мұқамбаев құқық қорғау органының тәжірибелі қызметкері. 20 жыл кеден саласында еңбек етіп, талай контрабанданы әшкерелеген. Заңсыз есірткі тасымалына да тосқауыл болған білікті маман.

Жасан Мұқамбаев, бұрынғы кеден органының қызметкері:
Онда біз форма кидік, қару берді. Шекарадағы істердің бетін ашып, соттан өткізіп, керекті құжаттарды толтырып, бүкіл істі жүргізгеміз. 01,20 Реформа, модернизация деп ауыстырып, ақырында погонымызды сыпырып алып, зейнетақысыз қалдырды.

1991 жылы құрылған кеден қызметі 2003 жылға дейін мемлекеттік шекараны күзетуге де жауапты болды. Кедендік төлемдермен қазынаны толтырып, ел экономикасының нығаюына сүбелі үлес қосып келген орган 10 жыл бұрын реформаға ұшырады. Осы қызметті жаңғыртамыз деп, ақыры бізді қаңғыртып жіберді, дейді бұрынғы кеденшілер.

Мейрамғали Көккөзов, бұрынғы кеден органының қызметкері:
Қызметкерлер не себепті бізді құқық қорғау органынан алып тастайын деп жатыр, шенді, погонды, бәрін не себептен алып тастайын деген уақытта бұл уақытша жағдай, ертең бәрі реттелгеннен кейін бәрі қалпына келеді. Сендердің алып отырған жеңілдіктерің, зейнеткерліктерің бәрі орнына келеді деді, сол кезде.

Кеденшілер құқық қорғау органы қызметкері мәртебесінен 2012 жылы айырылды. Сол кезде біраз адам басқа құқықтық құрылымдарға ауысты. Қалғаны салықшылармен бірігіп, мемлекеттік кірістер комитетінің әкімшілік қызметкеріне айналды.

Айнұр Сартаева, ҚР Мемлекеттік кірістер комитеті басқарма басшысының орынбасары:
Зейнетақымен қамту мәселесі, құқық қорғау органдарының мәртебесін анықтау сияқты сұрақтар мемлекетттік кірістер комитетінің құзыретіне жатпайды. Ол сұрақтарды шешу комитеттің қолында емес.

Сорақысы, экономикалық тергеу қызметіне ауысқан 120-ға жуық кеденшінің бұрынғы еңбек өтілі есепке алынып, олар зейнетақымен қамтылды. Ол үшін екі жыл бұрын Үкімет қаулысына өзгеріс те енгізілді. Ал салықшылар қатарына қосылған кеденшілердің мүддесі қорғалмай қалды.

Билік бұрын бірге, бірдей жұмыс істеген кеденшілерді екіге бөліп тастағаны таяуда мәжілісте де айтылды. «Amanat» фракциясының депутаттары нормативтік-құқықтық құжаттардың заңдылығын тексеру керек деп отыр. 1991-2012 жылдары жұмыс істеген кеденшілер мәселесін шешу үшін Үкімет қаулысы да қайта қаралу керек деп санайды. Ел бойынша заңды зейнетақысын күткен кеденшінің саны 800ден асады. Бірақ,елордаға арнайы келгені тек олардың 10 пайызы ғана. Қалғаны үлкен мәселеге үн қата алмай отыр. Өйткені, қазіргі жұмыста қудалауға ұшыраймыз ба деп қорқады.

Берік Көшербай 

Хабарламаларға жазылу