Қарағанды облысында жүк көліктері бүтін жолды бүлдірген - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қарағанды облысында жүк көліктері бүтін жолды бүлдірген

04.07.2022

Қарағанды облысының Ақтоғай ауданына баратын жолдың 16 шықырымын жөндейміз деп ауыр жүк көліктері, қалған асфальттың тас-талқанын шығарған. Бірнеше жылға жоспарланған жоба басталмай жатып осылайша жұрттың наразылығын тудырды. Мердігер компания бұзылған жолды қайта жамаған. Алайда ол да шала болып шыққан.

Руслан Нұрланұлы, тілші:

Шамадан тыс жүк тиеген 40 тонналық техникалар асфальтты ғана езіп-жаншымаған. Елді мекен тұстарындағы мынадай суағарлардың да сау-тамтығын қалдырмаған. Салдарынан ерте көктемде ауылдарды су басуы мүмкін дейді тұрғындар.

Мердігерлік компания облыстық маңыздағы тас жолдың 16 шақырымына орташа жөндеу жүргізген. Алайда құрылыс материалдарын тиеген жүк көліктері көктем уақытында қалған 107 шақырым асфальттың талқанын шығарған.

Төрехан Асанов, көлік жүргізушісі:

Жер жұмсақ кезде олар грузовой машиналарды жіберді де трассаға, езіп жіберді асальтты. Шашылып жатыр. Міне бүгін фарамның бөлшегін жоғалтып алдым.

Жұрт жағдайды айтып шағымданған соң, мердігер компанияға жолды қайта жөндеу міндеттелген. Алайда олар шұңқырларды шала жамаған. Бұл жолмен жүру тіптен қауіпті. Сондықтан тұрғындар бұл келеңсіздікке жауаптыларды түгел сотқа берген.

Ерден Керімбай, аудандық мәслихаттық депутаты:

Мердігердің жасаған жұмысы көңілімізден шықпайды, жасаған жоқ десе де болады. Қазір енді сотқа беру процестері жүріп жатыр басқарманы, сосын анау «Қостанай жорлдары» ЖШС. Халықтың тарапынан наразылық туындап отыр. Жолдың бүлінуі салдарынан логистикалық қызметтердің қымбаттауына әкеп соғып отыр, «Ақтоғай-Қарағанды» бағытындағы қоғамдық көліктің тоқтауына әкеліп отыр.

Жөнделген жол шолақ демесеңіз, 16 шақырым жерге 800 миллион теңгеден астам қаражат жұмсалған. Алдағы екі-үш жылда кезең-кезеңмен қалған 107 шақырымға орташа жөндеу жасалады,-дейді мамандар.

Ержан Көкішев, Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бас маманы:

Міне осы шілденің аяғына дейін ағымдағы жұмыстарды бітіреміз ғой. Ендігі жылы 60 шақырым орташа жөндеу болады. Қазіргі уақытта 30 шақырымға орташа жөндеуге ведомоствалық сараптамадан өткен сметалық құжат дайын. Оған қосымша тағы 30 шақырымға сметалық құжаттар дайындалып жатыр.

Облыс орталығына апаратын күржолға жоспарланған орташа жөндеу бітпейінше тұрғындар ыңыршағы шыққан қауіпті жолмен қатынауға мәжбүр. Сондықтан артық қылам деп, 107 шақырым асфальтты тыртық қылған мердігер мен шала жұмыстың басында тұрғандар жазасыз қалмасын,- дейді жұрт.


Хабарламаларға жазылу