Жамбыл облысы: Ауылдың әлеуметтік мәселесі көп - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жамбыл облысы: Ауылдың әлеуметтік мәселесі көп

17.08.2022

Жамбыл облысы Байзақ ауданының тұрғындары ауылға көңіл бөлінбейді деп наразы. Жел тұрса жарық сөніп, су өшеді. Ал интернет бітпейтін жырға айналған. Қаланың іргесінде тұрып көрген күніміз осы деген ауыл жұртының жанайқайын әріптесім Нұрдос Болатұлы тыңдап қайтты.

Мың жарымға тарта тұрғыны бар Сеңкібай ауылында мәселе көп. Тұрғындар облыс орталығынан 20 шақырым жерде тұрса да, әлеуметтік проблемаларының шешілмей жүргеніне қапалы.

Әнуар Серікбаев, ауыл тұрғыны:
Сәл жел тұрса бұл ауылдың светі өшіп қалады, онымен қоса су да өшеді. Ғаламтор нашар, телефон бірде тартады, бірде тартпайды. Сөйлесіп отырғанда үзіліп кетеді. Осы мәселенің бәрі шешілмей жатыр. Осы шешілсе басқа бізге ештеңенің керегі жоқ.

Бүгінде ауылішілік 3 шақырымдай көше орташа жөндеуден өткен. Тұрғындар бұл жолдың да кем кетігі барын айтады. Ал осыдан 5 жыл бұрын орталық көшеге төселген асфальтті су құбырын тартқандар, қазып артынша көмбей кетіпті.

Асылхан Матлапов, ауыл тұрғыны:
Орталық көшені де 2015 жылы қолданысқа берген. Одан кейін су кіргізілді, газ жүрді. Оның ортасын көрдіңіздер ғой, қазып-қазып тастаған.

Техникалық қадағалау мамандарының айтуынша кез келген мердігер құрылысты аяқтаған соң 3 жылдан 5 жылға дейін кепілдік береді. Сондықтан кемшілікті түзетуге заңмен міндеттелген. Ұсыныс хат та жолдап қойыпты.

Нұрсұлтан Жекелов, тәуелсіз техникалық қадағалаушы:
Анықталған ақаулар бойынша жолдағы кемшіліктер бойынша хат жолданды. Біздің келісімшарт бойынша айдың аяғына дейін уақытымыз бар. Бұл мердігер компания осы кемшіліктерді толығымен қалпына келтіру үшін айдың соңына дейін уақыты бар.

Аудан инфрақұрылымына жауапты бөлім басшысы барлық жағдаймен таныс екен. Көтерілген мәселелердің өз реті бар, сол себепті бірден шешімін табу мүмкін емес дейді.

Жарқынбек Шоғалов, Байзақ аудандық ТҮКШ бөлімінің басшысы:
Газ бойынша сосын жаңағы судың давлениясы бар. Енді тағы да басқа мәселелер көп қой, светті айтып отырсыздар. Ол мәселелер бойынша әкімге тиісті тапсырмалар берілді біздің тараптан. Барығын хат бойынша бізге жібереді, аудандық экономикалық жоспарлау бөлімінен ақша сұрап, рет-ретімен кезең-кезеңімен бәрі жөнделеді.

Жалпы Байзақ ауданында биыл 49 шақырым жолды жөндеуден өткізу жоспарланған. Оған бюджеттен 1 миллиард 71 миллион теңге бөлінді. Ал 8 ауылға құбыр тарту жұмыстары аяқталса 43 елдімекеннің 39-ы тіршілік нәрін орталық жүйеден тұтынады дейді атқамінерлер.

Нұрдос Болатұлы


Хабарламаларға жазылу