Қазақстанда сән-салтанатқа салық енгізілмек - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстанда сән-салтанатқа салық енгізілмек

01.09.2022

Мемлекет басшысы сән-салтанатқа салық енгізілетінін жеткізді. Айтуынша фискалды реттеу ісін қайта жаңғырту үшін 2023 жылы жаңа Салық кодексі әзірленеді. Оның ең түйткілді тұсы - саналатын салықтық әкімшілендіру мәселесі түгел қайта жазылуы тиіс. Тағы бір басымдық – салықтық ынталандыру шараларының тиімділігін арттыру. Ол үшін экономиканың түрлі саласында дифференциалды салық мөлшерлемесіне көшкен жөн.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Салық реформасы аясында «сән-салтанатқа салық» салуды енгізген жөн. Мұның орта тапқа қатысы жоқ, бұл салық тек аса қымбат жылжымайтын мүлік және автокөлік сатып алған кезде салынады.

Бюджет саясатына реформа жасалады

Бұдан бөлек, бюджет саясатына реформа жасалады. Оны бюджетті жоспарлау және орындау кезінде міндетті түрде ұстану қажет, деді Мемлекет басшысы. Реформа аясында бюджет үдерістерін барынша жеңілдету көзделген. Әрі мемлекеттік органдардың игермеген қаражатын келесі жылға қалдыруына мүмкіндік беру керек. Сол арқылы олар ақшаны бюджетке қайтарудың тиімсіз тәртібінен құтылатынын айтты, Президент.

Досжан Маратұлы

Хабарламаларға жазылу