Өрттен зардап шеккен азаматтардың бәріне қажетті көмек беріледі - Президент - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Өрттен зардап шеккен азаматтардың бәріне қажетті көмек беріледі - Президент

05.09.2022

Әулиекөлде үйлерін тастап кетуге мәжбүр болған адамдарға толыққанды қолдау көрсету маңызды. Бұл туралы аймаққа сапарлап барған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеді. Мұнда Президент Әулиекөл ауданындағы өрт сөндіру жұмыстарымен танысып, Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильинмен бірге өрт аумағын тікұшақпен аралып шықты. Кейін өртті сөндіру жөніндегі шұғыл әрекет ету штабының отырысын өткізді. Президент болған жағдайдан тиісті сабақ алу қажет екенін атап өтіп, Үкімет пен Қостанай облысының әкімдігіне зардап шеккен тұрғындарға шұғыл түрде өтемақы төлеу мәселесін қамтамасыз ету тапсырды. Оның айтуынша, орман алқабын қайта қалпына келтіру үшін кешенді шаралар әзірлеп, алдағы уақытта осындай апатты жағдайларды болдырмау жөніндегі алдын алу жұмыстарын жүргізу керек. Әрі өрттің шығу себебін анықтау қажет екеніне назар аударды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Мәселе аса күрделі екені түсінікті. Сондықтан Үкімет пен Президент әкімшілігіне өртті тоқтату үшін қажетті шаралар қабылданды. Осыған орай барлық ресурсты жұмылдырдық. Қостанай облысына басқа аймақтардан техника мен қажетті мамандар уақтылы жеткізілді. ТЖМ-ге ІІМ-ге және Қорғаныс министрлігіне Ұлттық ұлан көмекке келді. Бұл жұмысқа орман шаруашылығы мен орман күзетінің жұмысшылары, теміржолшылар тартылды. Қазір төтенше жағдай бақылауға алынды. Өрт болған ауыл тұрғындары қауіпсіз жерге көшірілді.

Бұдан соң Мемлекет басшысы өрт сөндіру бөлімшелерінің жеке құрамымен кездесті. Мұнда Тоқаев Төтенше жағдайлар министрлігі қызметкерлерінің әлеуметтік, соның ішінде тұрғын үй және жатақханаға қатысты мәселелерін шешу қажеттігін айтты. Сондай-ақ кәсіби кадрлардың дайындық деңгейін арттыруға бағытталған шараларды қолға алу керек. Әрі төтенше жағдайды жоюға атсалысқан барлық азаматтың жасаған ерлігі үшін алғыс білдіріп, олар наградалар мен сыйлықтарға ұсынылатынын айтты.


Хабарламаларға жазылу