Президент: Жетісуда игерілмеген жердің жартысы мемлекетке қайтарылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент: Жетісуда игерілмеген жердің жартысы мемлекетке қайтарылды

20.10.2022

«Алматы – Талдықорған» магистральді газ құбыры салынып, облыс орталығына газ толық берілді. Жетісу өңіріне жұмыс сапарымен барған Президент халықпен кездесуде жақсы хабарды жеткізді. Қазір көгілдір отын тұрғындардың 10 пайызына ғана қолжетімді. Алдағы уақытта «Талдықорған – Үшарал» бағытында да құбыр тартылып, 180 мың адам тұратын аудандарға газ жеткізуге мүмкіндік болады. 

Жарты жылға жуық уақыт бұрын облыс болып қайта құрылған Жетісу өңірінде 700 мыңға жуық адам тұрады. Қыркүйекте бекітілген бюджеті 377 млрд теңгеден асады. Еңбекке жарамды халықтың үштен бірі шағын және орта бизнеспен айналысады. 156 млрд теңге инвестиция тартылған. Жетісу жері құнарлы, даласы төрт түлік малға қолайлы өңір. Бірақ 100 мың гектар жер игерілмей жатыр.

Халықтың талабын Президент біледі. Жетісу жұртшылығымен кездесуде игерілмеген жердің тең жартысы мемлекет меншігіне қайтарылғанын жеткізді. Бастысы бұл жер, шаруаларға әділ бөлініп берілуі тиіс.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Жер – халықтың байлығы. Ол барлық азаматтың игілігіне жарауы керек. Әкімдер бұл мәселені қатаң бақылауда ұстауы қажет. Облыстың суармалы жерлерді игеруге зор мүмкіндігі бар. Бүгінде аймақтағы жер суаратын желілердің 70 пайызы тозып тұр. Оның бәрін жаңғыртып, қалыпқа келтіру керек. Ақсу, Алакөл және Сарқан аудандарында суармалы жердің көлемін 18 мың гектарға ұлғайтуға болады.

Тағы бір өзекті мәселе – қант өндірісі. Оның бірден қымбаттап, тапшылық туындауына құзырлы органдардың салғырттығы себеп. Осылай деген мемлекет басшысы шаруаларды қолдау керегін баса айтты. Оның үстіне қант қызылшасын өсіретін алқаптар азайып кеткен. Жалпы елдегі 4 кәсіпорынның екеуі Жетісу облысында. Бірақ 12 млрд теңге инвестиция құйылған Ақсу қант зауыты жұмыс істемей тұр.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Қысқа мерзімде жұмыс істемейтін зауытты толығымен іске қосу керек. Өзге инвесторларды тарту туралы ойлану қажет. Бұдан басқа, облыстың екі қант зауытының жүз пайыз жүктемесін қамтамасыз ету және онда шығарылатын қант көлемін 2026 жылға қарай 180 мың тоннаға дейін жеткізу керек.

Текелі тұрғындары таза ауыз сусыз отыр. Өңір халқының 90 пайызы сумен қамтылғанына қарамастан, құбыр желілері әбден тозған. 1,2 мың шақырым құбыр желісі күрделі жөндеуді қажет етеді. Қасым-Жомарт Тоқаев әкімдікке құрылысты қатаң бақылап, мәселені ұзаққа созбай шешуді жүктеді. Жолдың жайы да күн тәртібінен түспеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Ең алдымен, жолдың сапасы жақсы болуы керек. Алайда, құрылыс та созылып кетпеуге тиіс. Бұл жергілікті жұрттың тұрмысына және көлік қозғалысының қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді. Облыстағы республикалық маңызы бар күре жолдарда болған жол апаттарынан 9 айда 61 адам қайтыс болды. Бұл – жантүршігерлік көрсеткіш.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Елімізде жол апаттары, оның ішінде адам өліміне әкеп соқтырған оқиғалар көбейіп барады. Бұған еш жол беруге болмайды. Адам өмірі – біздің басты байлығымыз. Жол құрылысы кезіндегі жемқорлық пен селқостықты түбірімен жою үшін жүйелі шаралар қабылдау керек.

Облыста бір ғана жоғары оқу орны бар. Тұрғындар білімге де инвестиция тартылып, жаңа мамандықты оқытуға ден қойылғанын қалайды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Мен бұған дейін Қазақстанда әлемнің бес жетекші техникалық жоғары оқу орнының филиалдарын ашу туралы бастама көтердім. Менің тапсырмам бойынша Үкімет облыстық әкімдікпен бірлесіп Талдықорғанда ірі шетелдік технологиялық университеттің филиалын құру мәселесін пысықтап жатыр.

Бірқатар мәселенің шешу жолын ұсынған соң кездесуде Президент өңірдің бірқатар азаматын мемлекеттік наградамен марапаттады. Солардың бірі 27 жылдан бері мал шаруашылығымен айналысатын шопан Ардақ Абайұлы.

Ардақ Абайұлы, Жетісу облысының тұрғыны:
Өзімнің еңбегімді сүйем, жақсы көрем. Соның жемісі мынау. Қазір жастар малға барғысы келмейді. Қиын мал бағу. Бірақ енді өзіміздің ата кәсібіміз. Соны меңгеріп келе жатырмын.
Ақерке Бектас, тілші:
Президент Жетісуға сапарында әлеуметтік проблемалардан бөлек, экономиканың дамуын тежейтін бірқатар мәселеге тоқталды. Әсіресе кедендегі жағдай. Карантин шектеуін себеп қылып, қазақ-қытай шекарасында қаншама жүк көлігінің қаңтарылып тұрғаны есте. Қасым-Жомарт Тоқаев жүргізушілер наразылығы орынды, «Алакөл» мен «Нұр жолы» өткізу бекеттеріне электрондық кезекті тездетіп енгізуді жүктеді.



Хабарламаларға жазылу