Абай облысының Үржар ауданында құсбегілердің тұңғыш Әлем чемпионаты өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Абай облысының Үржар ауданында құсбегілердің тұңғыш Әлем чемпионаты өтті

07.11.2022

Абай облысының Үржар ауданында құсбегілердің тұңғыш Әлем чемпионаты өтті. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Рәміздерінің 30 жылдығына орай ұйымдастырылған жарысқа бірнеше елден қыран баптап, ит жүгірткен азаматтар жиналды.

Ержан Жақып, тілші:

Жүйрік ат, қыран бүркіт, ұшқыр тазы баптаған жітіттің өнерпаздары Үржарда жиналды. Құсбегілердің әлемдік біріншілігі еліміз бойынша алғаш рет өткізіліп отыр. Оған 7 мемлекеттен, сондай-ақ еліміздің барлық облыстарынан төл өнерді дәріптегендер жиналды.

Баян-Өлгей аймағынан шыққан атақты бүркітші қыз Айшолпанның әкесі- Нұрғайып Ырысұлы әлемдік сайысқа Моңғолиядан арнайы келген. 45 жылдан бері қыран баптайтын құсбегі талай ауқымды жарыстарда қара үзіп шыққан.

Нұрғайып Ырысұлы, құсбегі:

Салт-дәстүрімізді ерте сақтап қалдық. Бізде болғанда нағыз тауда атпен аңға шығамыз табиғи. Бұл жақтың құстары жатағандау, кішілеу болады екен. Жазықшыл болады екен. Біздің жақтың құстары дәу, үлкен болады.

Ал Түркиядан келген Мурад Налбат бірнеше жылдан бері қаршыға баптайды. Айтуынша, өз елінде бұл дәстүр аса дамымаған. Жарысқа қатысып, қазақтың құсбегілік өнеріне тәнті болдым-дейді.

Мурад Налбад, құсбегі:

Түркияда төрт қаршығам бар. Өзіме құсбегілік бала кезімнен ұнайды. Сондықтан, шама келгенше дамытып келемін. Енді мына жарыстан кейін, бүркіт баптауды үйренгім келеді. Қазақстаннан қыран алсам деген арманым бар.

Сайыста қолға шақыру, еркін ұшыру, шырға салудан бүркіттің ең мықтылары анықталды. Ақтық сында іріктелген қырандар қоянға түсті. Сондай-ақ қаршыға мен ителгіні кептер мен қоянға салып, баптарын байқады.

Тәттімбет Кәпұлы, ұйымдастырушы:

Көк тәңірі қыранды қолға үйретіп, жер тағысы түлкімен ойнаттырған. Біздің бабаларымыздың ерекшелігі осында. Өйткені құстың тілін білу деген, ол да бір үлкен ғанибет шығар.

Нұржан Тоқсейітов, Үржар ауданының әкімі:

Үржар ауданында Бестерек ауылында өткізіліп отырғаны заңдылық деп есептеймін. Негізінен құсбегілік осы жерде жақсы дамыған. 2015-2017 жылдары біз республиканың біріншілігін өткізген болатынбыз.

Жүзге жуық құсбегі қатысқан әлем чемпионатында, мықты тазылар да жарысқа түсті. Шырға тартылып, құмайлардың ең жүріктері анықталды. Ал бабы мен бағы келіскен қырандардың иелеріне «Спорт шеберіне үміткер», «Спорт шебері» сынды дәреже беріліп, қомақты жүлде табысталды.

Ержан Жақып

Хабарламаларға жазылу