Екібастұзда төтенше жағдай жарияланды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Екібастұзда төтенше жағдай жарияланды

28.11.2022

Екібастұзда жылу электр орталығындағы апатқа байланысты техногендік сипаттағы төтенше жағдай жарияланды. Қазір жағдай біршама жақсарып келеді. Жылудан ажыратылған көпқабатты 130 үйдің 110-ы қайта қосылды. Мамандар дәл осы уақытта 20 үй мен 5 әлеуметтік нысанда қатып қалған құбырларды жөндеп жатыр. 

Кеше кешкісін апатты жою бригадалары күшейтілді. Өңірдегі ірі кәсіпорындар инженерлік және сантехник мамандарды жіберді. Шаһарда 370 шақырым жылу құбырлары тартылған. Аяз күшейген сайын жарыла береді.

Болат Аманбаев, тілші:

Жылу магистралінің бойында осындай 23 жерде ақау табылды. Түннің бір уағына дейін құбырдағы кем кетік түгел жөнделді. Бірақ оның бәрі ұсақ ақаулар. Там тұмдап емес, тонналап су кетіп жатқан тұсын табу оңайға соқпай тұр.

Алайда Астанадан көмекке келген мамандармен ақылдаса келе желідегі ең кұрделі тұстар анықталды. Енді қазу жұмыстары қаланың нақ ортасында жүріп жатыр.

Илья Рожков, Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитеті басшысының орынбасары:

Қазір осы аумақты әр жерден қазғылап, су қай тұстан кетіп жатқаның анықтап көреміз. Бұл магистралдың өте күрделі торабы. Судан құрғатып алған соң жөндеу жұмыстары басталады. Дәл осы жобалағанымыздай бола қалса жағдай жақсарар еді.
Жылу орталығында іске қосылған резервтік қазандықтар жылуды қажетінше беріп тұр. Бірақ желіде қысымды аса күшейтуге болмайды. Нақты айтқанда қаладағы барлық нысандарға құбыр қатып қалмайтындай деңгейде ғана жылу барып тұр.

Ләйлә Хамитова, қала тұрғыны:

Түнде жатқанда жылу болды да, таңертең оянсам сұп-суық үйдің іші. Ойладым не болды деп. Батарея жай ғана жылы. Жаңа ұстасам суып келе жатыр.

Ирина Хамачева, қала тұрғыны:

Жылу электр орталығы апатты жағдайда деп жаз бойы айтылды. Қала тұрғындары тегіс біледі оны. Енді міне алғашқы аяз келісімен үлкен апат болды. Қала қатып жатыр. Тоңдық.
Шыныменде қыс басталмай жатып тұтас қаланы жылумен қамтып отырған алып нысанның жұмысы неге тоқтады. Кінә кімде, кінәрат неден? Дәл күз алдында монополистің стратегиялық нысанды мемлекет меншігіне өткізем деуі неліктен?

Жандос Нұрмағанбетов, ҚР Энергетика министрінің орынбасары:

Күзде келіп тексеру жасаған кезде де айтып кеттік мына құбырлардың жағдайы өте нашар деп.Соның қазір нәтижесін көріп отырмыз ғой. Енді бұл жерде мәселе кінәліні табу емес, кімнен болды деген. Тез арада орындау.
Шаһардағы балаларды қолдау орталығы, Жас ұрпақ үйі және психологиялық емдеу мекемесінен 76 бала шұғыл Павлодарға көшірілді. Егер жағдай тағы ушығатын болса бірінші кезекте ауруханалардағы сырқаттарда облыс орталығына жеткізіледі. Қиын жағдайда қалған Екібастұз тұрғындарына көмек беруге жұртшылық дайын. Такси жүргізушілері жылытқыштарды және басқа да қажетті заттарды тегін жеткізіп береміз деп мәлімдеме жасады.

Болат Аманбаев

Хабарламаларға жазылу