Астанада запастағы әскери қызметкер өтемақысын толық ала алмай жүр. Талабы орындалмаған азамат соттасуға дейін барған.
Ұлттық ұланда 20 жыл қызмет еткен Данияр Бүркітбаев өтемақысын толық ала алмай жүр. Себебі оның 2002 жылғы тұрғын үйге мұқтаждығын дәлелдейтін құжаттары жойылып кеткен. Соның кесірінен әскери қызметшінің 11 жылдан астам еңбек өтілі ескерусіз қалды. Қазір зейнеткер бұрынғы қызмет орнынан тиесілі қаражатын талап етіп жүр. Өйткені, 2020 жылы запасқа шыққанда берілген тұрғын үй төлемі баспана алуға жетпеген.
Данияр Бүркітбаев, зейнеттегі әскери қызметші:
Сол үйсіз жүрміз енді. 20 жыл қызмет жасадық қой. Отанымызға қызмет жасадық. Бірақ зейнетке шыққанда өзі баспанамызды да берген жоқ. Не ақшамызды да толық берген жоқ. Маған төрт жыл жеті айға 11 миллион 364 мың ба ақшамды берді. Бірақ білесіз ғой қазір баға деген қандай? Қазір өзі екі қызым бар, жолдасым бар. Төртеуміз квартирада тұрамыз. 20 жылдан бері жалдап тұрамыз.
Ал Ұлттық ұлан басшылығы жағдаймен таныс болса да, заңнан аттап өте алмайтынын айтады. Себебі тұрғын үй төлемдерін тағайындау үшін әскери қызметшінің арнайы рапорты керек. Ал мұрағат берген анықтамада дәл Данияр Бүркітбаевтың баянаты жойылғаны туралы жазылмаған. Сондықтан сот әскери қызметшінің арызын қанағаттандырмаған.
Серік Селеубайұлы, тілші:
Осындай жағдайлардың алдын алу үшін былтыр 16 сәуірде арнайы заңға өзгерістер енгізілді. Қазір қолданыстағы нормаға сәйкес әскери адам қызметтен босаған кезде тұрғын үйге мұқтаждығын дәлелдейтін құжаттар талап етілмейді. Яғни төлемдерді алу үшін рапорт қажет емес.
Бірақ бұл өзгерістің заң күшіне енбей тұрып запасқа шыққан қызметкерлерге қатысы жоқ. Оның себебін Ұлттық ұлан өкілі былай түсіндірді.
Медет Рамазанов, Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығының заң басқармасының аға офицері:
Қазақстан Республикасының құқықтық актілер туралы заңының 43 бабы, 1 бөлігіне сәйкес нормативтік құқықтық актілердің күші ол қолданысқа енгізілгенге дейінгі туындаған қатынастарға қолданылмайды. Сондықтан азамат Бүркітбаевқа бір жолғы төленетін ақшаны 2002-2013 жыл аралығында төлеуге заңды негіздің жоқ екенін атап өткім келеді.
Қазақстанда дәл осылай еңбегі еленбей қалған сарбаздар көп. Олар әр түрлі күштік құрылымдарда қызмет еткен. Данияр Бүркітбаев болашақта бұл әскерилердің жағдайы ескеріліп, тиісті төлемдерін алады деп үміттенеді.
Серік Селеубайұлы