Түркияда шетелдіктерді тіркеу талаптары күшейді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркияда шетелдіктерді тіркеу талаптары күшейді

21.01.2023

Түркия шетелдіктерді уақытша тіркеу талаптарын күшейтті. Өйткені былтырдан бері елде тұрақтап қалғысы келетіндер саны күрт көбейген. Түрік еліндегі статистика басқармасының мәліметіне сай, 2022 жылы 1 млн 400 мыңға жуық шетел азаматына уақытша тұру ықтиярхаты берілген. Ал Түркияда ең көп азаматы тұрып жатқан он елдің бірі - Қазақстан.

Назира Бәкірқызы «Болашақ» бағдарламасы бойынша Стамбұлда тағылымдамадан өтуге келген ғалым. Өзі Алматыдағы Қазақстан ғылымының тарихи музейінің меңгерушісі. Түркияға ресми түрде келсе де, уақытша тіркеуге тұруда әбден қиналдым дейді. Тіркеуі жоқ болған соң, зерттеу жасау үшін архивке де, музейлерге де кіре алмаған. Құжаттарды түгендеп, ықтиярхат алғанша бес айға жуық уақыты кетіпті.

Назира Дүйсенбаева, «Болашақ» стипендиаты:

Ол жерде халық өте көп. Қабылдап жатқан жоқ, ешқандай құжатың жоқ деп қайтарып жібереді. Мен тұрып алдым, бір жағынан өзімнің құқығымды қорғауға. Сонда тұрып алдым. Қарады да сізде мынандай құжат жоқ деді. Аударманы осы жерден жасатыңыз, апостиль жасатыңыз дейді. Жарайды, аударма да апостиль да тұр дедім. Ал онда бесінші қабатқа барып виза алып келіңіз дейді. Негізі 90 күннің ішінде аласыз дейді.

Түркияда уақытша тіркеуге ниет білдірген шетелдіктер саны күрт артқан. Статистика басқармасының мәліметтеріне сай, тіркеу куәлігі берілген шетелдіктер арасында 153 мың адаммен ресейліктер көш бастап тұр. Одан кейін Ирак 132 мың адам, үшінші орында 115 мың азаматпен Түркіменстан. Алғашқы ондықты Қазақстан түйіндеп тұр. 2022 жылы 45 325 қазақстандық Түркиядан ресми түрде ықтиярхат алған.

Сүлейман Сойлу, Түркияның ішкі істер министрі:

Күчүк Чекмеже, Башакшехир, Зейтинбұрны сияқты Стамбулдың 10 ауданында шетелдіктерді тіркеуді тоқтаттық. Тек қана студенттер мен осы аудандардан үй алғандар және емделуге келгендерге ғана рұқсат. Бұдан бөлек Түркияның 63 қаласындағы 1169 ауданда шетелдіктерді тіркеуге тыйым салдық.

Еліміздің Стамбұлдағы Бас консулы Әлім Байелдің айтуынша, кейінгі кезде қазақстандықтардың түрлі келеңсіздіктерге ұрынуы да көбейген. Сондықтан шетелде жүргенде құжатқа да басқаға да мұқият болған жөн дейді дипломат.

Әлім Байел, Қазақстанның Стамбұлдағы бас консулы:

Былтырдан бастап түрік тарапы өзінің ережесін қатайтып жатыр. Қазір әркімге оңайлықпен тұру рұқсаты беріле қоймайды. Қазақта «өз үйім өлең төсегім» деген бар ғой. Шетелге тек қана нақты мақсатыңыз болған кезде ғана, мәселен туристік немесе оқу мақсатымен немесе қолыңызда жұмыс бойынша нақты ұсыныс болғанда ғана шығу керек деп ойлаймын.

Тоғыз жолдың торабы, төрт теңіздің жағасындағы Түркияда тұруға ниет білдіргендер саны жыл сайын артып барады. Сондықтан ел билігі қауіпсіздік пен халықтың санын реттеу үшін шетелдіктерді тіркеуді қатаңдатуға мәжбүр екендерін айтады.

Айдос Әшімұлы


Хабарламаларға жазылу