Мұнайлыда жекеменшік мектептер көбейді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мұнайлыда жекеменшік мектептер көбейді

16.02.2023

Биыл Маңғыстау облысының Мұнайлы ауданында 2 жаңа мектеп пайдалануға беріледі. Ал былтыр мұнда жаңадан 4 білім мекемесі салынған. Аудан мектеп құрылысы бойынша облыста алдыңғы орында тұр. Жергілікті билік осы бағыттағы жұмысты ілгерлетіп, 3 ауысымды мектептер мәселесін біржолата шешпек.

Аягөз Оралбайқызы, тілші:

Бұл Басқұдық ауылындағы 3 ауысыммен білім беретін 9-шы мектептің спорт залы. Білім мекемесінің басшылығы жоқтан бар жасап, оқушыларды сыйдыру үшін қолдан келгеннің бәрін жасап отыр. Өйткені 1200 орындық мектепте 3700-ге жуық бала бар. Сол себепті кейде бір мезгілде бірнеше сынып қатар оқиды.

Гүлжан Асамадинова, мектеп директоры:

Біздер рекряциялардан кабинеттер құрастырдық, жасадық. Жасақтап сол кабинеттерде отыр. Ол кабинеттер бірақ санитарлық гигиеналық талаптарға сай емес, 20 балалақ кабинеттер.

Ауданда дәл осындай 5 мектеп бар. Мәселені шешу үшін жаңа білім мекемелерін салу керек.

Аягөз Оралбайқызы, тілші:

Қазір ауданда 2 бірдей мектептің құрылысы жүріп жатыр. Соның бірі Басқұдық ауылынан бой көтерген 1200 орындық білім ордасы. Құрылыс жұмыстары 40 пайызға орындалған. Жоспар бойынша мектеп келесі оқу жылында пайдалануға берілуі тиіс. Сол кезде осы елді-мекендегі 3 ауысым мәселесі шешілмек.

Ал Атамекен селолық округінде былтыр 2 жеке меншік мектеп пайдалануға берілген. Биыл тағы біреуі ашылмақ. Ол үшін қазір бір кәсіпкер тойхана ғимаратын қайта жөндеп, білім беретін мекемеге бейімдемек.

Азат Жолбай, жеке кәсіпкер:

Біз осы жерде бір ауысымда 500 бала оқыта аламыз. Ол дегенің 2 ауысымда 1000 бала оқиды. Жазға дейін құрылыс жұмыстарын бітіріп, жазда оқушы қабылдап бастаймыз. Жеке меншік мектептер Қызылтөбе мен Шерқала ауылында да бой көтермек. Ал, алдағы 3 жылда ауданда «Жайлы мектеп» жобасы аясында 6 білім беру ұйымын салу жоспарланып отыр.

Батырбек Демократұлы, Мұнайлы аудандық білім бөлімінің басшысы:

Былтыр 6 мектеп еді, қазір 5 мектеп болып отыр. Осы мектеп пен Қызылтөбедегі шешілсе, 3 мектебіміз қалады. Осы Жайлы мектеп жобасымен және қазіргі таңда жеке меншік секторлардағы салынып жатқан жобалармен біз толықтай, 3 жыл ішінде өзіміздің 3 ауысымдық мектептерді жоюға мүмкіндік бар.

Облыста 3 ауысыммен оқитын 15 мектеп бар. 9 мыңнан астам оқушыға орын жетпейді. Сондықтан 2025-жылға дейін өңірде 24 мектеп салу көзделіп отыр.

Аягөз Оралбайқызы

Хабарламаларға жазылу