Ұлттық арна Еуропа төрінде қосулы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұлттық арна Еуропа төрінде қосулы

21.02.2023

Қазақ телевизиясы 65 жыл ішінде ұлттың мұңын мұңдап, жоғын жоқтап қана қоймай, ел жетістіктерін жаһанға жария етіп отырды. Айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызған ақпараттық технология заманында «Қазақстан» телеарнасын шартараптағы бар қазақ онлайн көруге мүмкіндік алды. Әсіресе, Еуропадағы қандастарымыздың шаңырағында ұлттық арна әрқашан қосулы. Ұлттың мүддесін ойлаған телеарна ұжымына шеттегі қазақтар мерейтойлық тілектерін жаудырып жатыр.

Ұлттық арнаның Франциядағы тұрақты көрермені-Әбдулсәмет Алтай. Құранды алғаш қазақ тіліне аударып, өнегелі тағдырымен қазақ руханиятына өшпес мұра қалдырған дін және қоғам қайраткері Халифа Алтайдың ұлы. Асылдың сынығы Парижде тұрса да қазақтың салт-дәстүр, әдет-ғұрпын мықтап сақтаған. Балалары мен немерелерінің санасына ұлттық тәрбиені сіңіру үшін басты арнадағы барлық бағдарламаны жібермей көреді.

Әбдулсәмет Алтай, Франциядағы қазақ ақсақалдар алқасының төрағасы, Халифа Алтайдың ұлы:

Тәуелсіздіктен кейін «Еуропада қазақтар бар»-деп ең алғаш Еуропаға келген Қазақстан ұлттық телеарнасы еді. Осы жақта болып жатқан Еуропа қазақтарының кіші құрылтайларын, футболдарын, Еуропа қазақ жастарының жиылысы болады. Ол кезде Қазақстан ұлттық телеарнасы келіп отырды. Қазақстан телеарнасының мерейтойы болып жатыр екен құтты болсын деймін.

Алғаш атажұртқа 25-30 жасында барған жігіттер қазір елуден асқан ел ағалары. Олардың Отанға деген сағынышы жыл өткен сайын күшеймесе, саябырсыған емес.

Франциядағы қандастар «Қазақстан» телеарнасындағы «Ахмет-ұлт ұстазы», «Міржақып. Оян қазақ!» телекихаяларын жібермей көреді. Ұлттық өнерге сусағанда «Күй керуен» жобасын тамашалайды.

Тәбәрік Долу, Франция Қазақтары қауымдастығы төрағасының орынбасары:

Сіздер арқылы естіп, өз тілімізді естігенде қуанышымызды айтуға тіліміз жетпейді ішіміздегіні айтқанға. Ата-жұртта болғанды теледидар арқылы күнбе-күн, сағатына шейін қазір біліп, шетелде жүрсек те, Қазақстанның дәл ортасында отырғандай боп отырмыз сіздер арқылы. Телеарнаның мерейтойы құтты болсын.

Ұлттың мүддесін бәрінен биік қоятын Отандық телеиндустрияның алпауыты-әлемдік алпауытқа айналсын. Жүрегі «Қазақстаным»-деп соққан Еуропадағы қандастардың ортақ тілегі осындай.

Нұрсұлу Қасым


Хабарламаларға жазылу