Батыс Қазақстан облысында аққу көлге оралды. Қаратөбе ауданындағы Егіндікөл ауылында тұратын орманшы қыста қанаты мұзға қатып, ұша алмай қалған аққуды екі ай бағып, көктем шыға көлге жіберді. Орманшы Махамбет Құсайынов -35 градус қатты аязда құстың қанаты мұзға қатып қалғанын байқайды. Ауыл іргесіндегі бұлақ басында жалғыз жүрген аққуға жаны ашып, үйіне әкеліп, жем-су беріп асыраған. Көктем келісімен аққудың мінезі өзгеріп, тамаққа тәбеті тартпай, елеңдей бастаған. Жыл құстары келіп, ауыл маңындағы көлге қаз-үйрек қона бастағанда, аққу да айдынға оралды.
Айта кетерлігі, қаладан «Телегей» экологиялық қоғамдық бірлестігінің мүшелері мен қоғам белсенділері де ауылға жем-дән жіберіп, көмектесіп тұрған.
Ардақ Мұратқызы
![](https://px.mediadata.kz/s.gif?mh_id=7916e9245b3c5232be2c21bfdafded87&mh_news=Батыс Қазақстан облысында аққу көлге оралды&mh_tags=Qazaqstan&mh_page=https://qazaqstan.tv./index.php/news/173855/)