Түркістанда жайылым жер жетпегеннен, мал қырылып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістанда жайылым жер жетпегеннен, мал қырылып жатыр

02.04.2023

Ауыл-аймақта ең көп көтерілетін негізгі үш тақырып бар: су, жол және жер. Енді соңғысына тоқталсақ. Түркістан облысының Сарыағаш ауданында жер дауы бірнеше күнге созылып, біздің тілшілер оған куә болды. Тұрғындардың айтуынша, ауыл айналасындағы учаскелерді бұрынғы шенді-шекпенділер туған-туыстарына бөліп берген. Ал ауыл халқы мал жаятын жер жоқ деп шырылдап отыр. Соңғы жылдары дау ушыға түскен. Жұрт қожалықтардың егін егуіне кедергі жасайды. Ал олар учаскелерінің айналасына ор қазып тастаған. Оған мал түсіп қалып, араңдап жатыр, - дейді тұрғындар. Айнұр Ақбаеваның материалы. 

Түркістан облысында үш бірдей ауылдың халқы үйлеріне қонбай ауыл маңындағы жерлерді қарауылдап жүр. Сарыағаш ауданына қарасты Тасқұдық, Сарысу және Құрысай ауылының тұрғындары жерді мал-жануардан емес бай-бағландардан қорып әлек. Айтуларынша ауыл іргесіндегі жердің бәрін кезінде аудандағы шенді-шекпенділер заңдастарып алған. Содан бері көктем шыға соқа салып, жұртты жайлымға жарытпаған. Осыған ашынған халық биыл жерді жыртқызбауға бел буып, жер жыртқан техника жұмысын тоқтатып тастады.

Жергілікті халықтың сөзінше, мыңдаған гектарды иемденгендер бұл төңіректің тұрғыны емес. Кілең осы ауданның шенділері, бай бағландары. Сонда да жерге қолы жеткендер мұндағы жұртқа не жем-шөп, не жұмыс бермейді екен. Малды да жайғызбайды деп отыр.

Оңалбай Ибрагимов, Тасқұдық ауылының тұрғыны:

Талипов Нұрполат деген зам әкім жер комитеті болған кезде сол кісі осы туысқандарына, бәріне бөліп берген. Мынау қазір тұрған техникалардың барлығы соның жиені. Өзінің төрт жүз гектар жері бар. Ойда қырда екі мың гектар, арғы жағында Тағаевтың екі жарым мың гектары да осы халықтың жерін пайдаланып отыр. Ал біз жұмыссызбыз.

Ермахан Өстенов, Сарысу ауылының тұрғыны:

Мынау жер бөлімінің бастығы Көбеев Нұржанның ағасы туысқаны 700 гектарды бір адам алған. Екіншісі мың гектар жерді баяғы қаланың әкімі болған Мұстафа Сүлейменов. Осы екі кісі 1700 гектар жерді иеленіп отыр. Шыға алмай, бір островта қалғанбыз мынандай аралда.

Аталған үш елдімекенде 1500-ге тарта халық немесе 200-ге тарта отбасы тұрады. 10 мың гектардан аса егістік, 18 мың гектарға жуық жайылым жер бар. Мұндағы тұрғындар жер мәселесін былтырдан бері көтеріп жүргендерін айтады. Атқамінерлердің бәрі хабардар. Егіс егіп, күн көретін мал басын арттыратын жер сұрағанмен ешкім мәселемізді шешіп берер емес дейді.

Қалмат Сейітбеков, Сарысу ауылының тұрғыны:

Екі баламда жүзшақты мал бар, майда мал. Соны ауылда жайылым жоқ, қойшыларға апарып бақтырамыз. 400 теңгеден қойдың басына береміз, қозының басына береміз. Бақтыра беру де оңай емес ол да. Бала – шағамыз бар біздің.

Союз тарқап, мына жерді төрт адам алып қойғаннан кейін, бір ауыл жоқ болып кеткен. Ол жерде қырық үй бар еді. Мына елдің бәрі куә. Мейлі сол адамдар сол жердегі төрт адам сол жерді мақсатын ауыстырып, сол жерді пайдалансын. Халық қалмады ол жерде. Бізге берсін ауылдағы жерді.

Шыдамымыз шегіне жетті деген халық жайылым жерлерді де, егістіктерді де қайтарып беруді талап етті. Сондай-ақ, туысының жері бар деген аудандық жер бөлімінің басшысын ортаға алып, егістік пен жайылым жерлерді қайтарсын деп талап қойды.

Тұрғындар кезектесіп жердің басын күзетіп, өндірістік кооперативтердің жұмысын жүргізуге жол бермеуде. Кәсіпкерлерден көресіні көрдік дегендер олардың жерлерді айналдыра қазып тастағанын айтады.

Айнұр Ақбаева, тілші:

Ауылдарды айнала қазылған шұңқырлардың тереңдігі екі метрден асады. Мұнда түскен төрт түлік өздігінен шыға алмай, мертігіп жатады. Жерін қызғыштай қорып ор қазғандардың әрекетіне ауыл тұрғындары наразы болғанымен құлақ асқан ешкім жоқ.

Әлиәкбар Битеміров, Сарысу ауылының тұрғыны:

Мына жерде көріп жатырсыздар, қанша ұсақ мал өліп жатыр. Ол малымыз жоғалды деп жүреміз, ақырында іздеп іздеп осы орлардан өзіміз табамыз. Бұдан да ірі қаралар өліп жатыр. Жылқы да өліп жатады.

Соңғы жылдары бұл жерлерден халық жаппай үдере көшіп, адам саны азайып кетіпті. Ауылда тек негізгі және бастауыш мектептер қалса, оны бітіргендер қаладан қайтып оралмайтын болған. Базбір тұрғындар үйін сата алмай, сол күйі жауып кетіп жатыр екен.

Балқия Сейдазимова, Сарысу ауылының тұрғыны:

Ақшасы болмаса, сататын малы болмаса, күн көрісі қиын болғаннан кейін халықымыз азайып жатыр. Садикке де, мектепке де бала саны аз болып жатыр. Жастар келмейді. Қайда кетеді, жұмыс іздеп кетеді. Астанаға кетеді, Алматыға кетеді. Квартирамен квартира қаңғырып, күнін көру үшін.

Ал жер иеленушілер болса егістік пен жайылым жерлерді 2005-ші жылы заңдастырып алған. Қолдарында заңды құжаттары бар. Жылда егін егіп, салығын төлейді. Бірақ өткен жылдан бастап жергілікті халық кедергі жасағандықтан, техника жұмысын тоқтатып қойыпты. Ауылшаруашылығы техникасын лизингке алдық дегендер несиелері тоқтап тұрғанын айтады.

Нұржан Садырбай, өндірістік кооператив заңгері:

Ауыл тұрғындарының пай үлестік жерін алған емеспіз. Біз қазірше ондай пікіріміз жоқ, қайтарып беру деген. Біз өз шаруамызды жүргізуіміз керек. "Жабайы ата" өндірістік кооперативіне 40-50 отбасы қарап отыр.

Тағай Даржанов, шаруа қожалығының төрағасы:

Былтыр еккізбеді, екпедік. Биыл тағы еккізбеді, еге алмай отырмыз. Басқа жерден арнаулы өзімізге тиесілі болса көшеміз. Басында солай деген негізі, оны берілмеді әлі.

Ал аудан басшылары болса кәсіпкерлердің құжаттары заңды болған соң, қайтарып алуға негіз жоқ дейді.

Нұрполат Талипов, Сарыағаш ауданы әкімінің орынбасары:

Бұлардың барлығы уақтысында аудандық әкімдігінің қаулысымен алынған. Жылда олар өздерінің салықтарын төлеп келе жатыр. Заңды алынған жерді қайтара алмайды.

Егістік басында шулаған халықты сабырға шақырған ауыл әкімі жеті шаруа қожалығының жерді мақсатсыз пайдаланғанын анықтағанын жеткізді. Өзекті проблемаға араласқан ауданның прокурорлары болса ауыл тұрғындарымен кездесіп, кәсіпкерлердің жерді қаншалықты заңды алғанын анықтау үшін құжаттардың түбірін тексеретінін жеткізді. Ал, бұл мәселені тікелей бақылауы тиіс облыстық жер ресурстарын басқару департаментінің мамандары тұрғындардан арыз шағым түспесе араласа алмаймыз деп ақталды.

Бауыржан Досжанов, Түркістан облысы Жер ресурстарын басқару департаменті басшысының орынбасары:

Заңсыз пайдаланылып отырған жерлерді анықтау немесе заңнаманы бұза отырып, пайдаланбай жатқан және пайдаланып жатқан жерлерді анықтау аудан қала әкімдіктерінің жер қатынастары саласындағы уәкілетті органдары бар, солардың құзырында.

Дегенмен халық шулаған соң ғана Сарыағаш аудандық жер қатынастары бөлімінің мамандары Дарбаза ауылдық округінде қазылған орларға байланысты акті түсіргені белгілі болды. Ал, прокуратура тарапынан жүргізілетін тексеру қортындысы екі аптадан соң жарияланады. Содан кейін ғана нақты шешім қабылданбақ. Ал оған дейін кәсіпкерлердің егістік жұмыстары уақытша тоқтатылды. Атап өтерлігі, өңірде соңғы екі жылдан бері мақсатсыз немесе мүлде пайдаланылмай отырған 521 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Сондай-ақ, ғарыштық мониторинг арқылы 4,5 мыңнан аса жер пайдаланушының меншігіндегі 560 мың 600 гектар жердің игерілмей жатқаны анықталған. Қазір сала мамандары жерін қайтарғысы келмегендермен соттасып, елдімекендердегі ортақ жайылымдарды көбейтуге кіріскен.

Айнұр Әбілқасымқызы

Хабарламаларға жазылу