Кеден қызметін сенаторлар тексерді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Кеден қызметін сенаторлар тексерді

06.04.2023

Кедендегі электронды кезекке тұру жүйесі өзін өзі ақтай алды ма? Жауапты министрлік өкілдері 16-сәуірден бастап көлік кезегін тіркейтін ескі бағдарламаны тоқтатпақшы. Жаңа жүйеге көшетінін мәлімдеді. Оған шекарадағы көлеңкелі кәсіптің өркендеуі себеп болған. Өткізу пунктерінің жұмысына тағы қандай жаңашылдықтар енгізілмек?

Көрші елден тауар таситын кәсіпкерлер шекарадан өтуге кемі екі ай бұрын өтініш беруге мәжбүр. Өйткені, ондағы пысықайлар кезектегі орнын сатуды әдетке айналдырған. Сауда қызған кездерде «көлеңкелі қызмет құны» 40 мың долларға дейін жетеді. Сондықтан кей талаптарға өзгеріс енгізілді. Оған сәйкес, жүк тасымалдаушылар өткізу пунктінің аумағында 72 сағаттан артық тұра алмайды.

Елдос Саудабаев, ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитеті Бақылау департаментінің директоры:

Были манипуляции со стороны определенных перевозчиков ... Кей тасымалдаушылар E-border жүйесінің басқа мемлекеттік органдар базасымен интеграция жасалмағанын пайдаланып кезектегі орнын сатумен айналысқан. Осындай құйтырқы әрекеттердің кесірінен тасымал құны 50 мың долларға дейін өскен кездер болды. Мұны болдырмау үшін қазір «CarGoRuqsat» бағдарламасын жасақтадық. Онда талапқа сай келмейтін көлік тіркелмейді. Кезектегі орнын сату да мүмкін емес.

Сонымен қатар, кеден қызметін цифрландырудың арқасында заңсыздықтың жолын кесу оңтайланған. Мәселен былтыр құжаттары бұрмаланған 9 мыңға жуық жүк анықталған. Бұл 2021 жылғы көрсеткіштен бір жарым есе көп. Қазір бұл қызметті жаңа деңгейге шығару жолы қарастырылып жатыр.

Жандос Дүйсембиев, ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінің Бас диспетчерлік басқармасының басшысы:

Кедендік бақылау кезінде жүктерді екі себеп бойынша тексеруге болады. Бірін тәуекелдерді басқару жүйесі, екіншісін сол жердегі инспектор белгілейді. Яғни инспекциялық-тексеру кешенінен күдікті тауар көрсе, жүктерді тексере алады. Оны қазір әр постта арнайы адамдар белгілейді. Модернизациядан кейін тексеріс туралы шешімді ситуациялық орталық қабылдайды.

Кеден қызметі тексерістерді азайтуға күш салып жатыр. Жыл басынан бері бұл көрсеткішті 40 пайызға қысқартқан. Бірақ бұл жеткіліксіз дейді депутаттар. Олардың айтуынша тексеру аппараттарының істен шығуынан елге заңсыз импорт еніп жатыр. Сондықтан әр өткізу пунктінде қосымша құрылғылар орнатып, электр қуатымен үздіксіз қамтамасыз етудің жолын табу керек.

Амангелді Нұғманов , ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

Қорғас бар, Достық бар, теміржол байланысы бар, автокөлік байланысы бар, теңіз портындағы байланыс бар. Оның бәріне ИДК-ны қою керек. Темір жол токтың жүйесін кесіп кеткен жағдайлар болды. Тұрып қалған жағдайлар болды ИДК жұмыс істемей. Бір айлап тұрып қалған. Ол кезде біз жүкті ұстап тұра алмаймыз. Жүк жүре береді. Бірақ оның ішінде не өтіп жатқанын тағы да білмейміз.

Қазір 9 негізгі өткізу пункті мен 1 темір жол пунктін модернизациялау басталып кетті. Жоспар бойынша олар 2024 жылы толығымен жаңғыруға тиіс.

Серік Селеубайұлы


Хабарламаларға жазылу