Жамбыл облысында заңсыз бензин тасығандарға қатысты рейд басталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жамбыл облысында заңсыз бензин тасығандарға қатысты рейд басталды

13.04.2023

Жамбыл облысында заңсыз бензин тасығандарға қатысты рейд басталды. Екі күнде қазақ-қырғыз шекарасынан жанар майды жасырын алып алып өтпек болғандарға қатысты 20 заңбұзушылық анықталды. Алып сатарлардың кесірінен өткізу бекеттерінің алдында көлік кептелісі пайда болған.

Тәртіп сақшылары шекарадан өткен әр көлікті жіті тексеріп жатыр. Мақсат – заңсыз бензин тасымалына тосқауыл болу. Біздегі арзан бензинді өз еліне алып өту үшін қырғыз азаматтарының көбі автокөліктеріне қосымша бак орнатып алған. Ал Айша-Бибі өткізу бекетінің алдында талай жылдан бері такси қызметімен айналысатын Марат басымызды бәйгеге тігіп жүрміз дейді. Ол осыдан 4 жыл бұрын бензин тасыған азаматтың көлігі күлге айналғанын да көрген.

Марат Жаңабаев, Тараз қаласының тұрғыны:

«Passat» бензин тасығаннан, осы жерде бір машина жанып кетті. тексерілмей кетіп жатқан жоқ па осы нәрсенің барлығы. Осы жерден күнделікті нәпақа тауып жұмыс істеп жүргеннен кейін бізге қосымша бакпен бензин тасыған қауіпті.

Ал қырғызстандық азаматтар өз елдерінде қымбатшылық қысып тұрғандықтан амалсыз арзан бензин үшін Жамбыл жеріне кіретіндерін айтады.

Аким Асыранов, Қырғызстан азаматы:

Мына жақта шын арзан. Бізде тірлік қылады балалар. Әріде бізде 45-48 сом. Ал мына жерде 35 сом.

Данияр Әлімқұл, тілші:

Міне шекаралық аймақта шетінен көліктерді тоқтатып, қосымша құйып алатын бензин бактары бар ма, жоқ па тыңғылықты тексеру жұмыстары жүруде. Бір аптаға жалғасатын рейдтік іс-шара Қордай, Меркі және Жамбыл ауданында жүреді.

Жалпы екі ел арасында күніне орта есеппен 5 мың көлік қатынайды. Екі күндік тексеріс барысында көліктеріне қосымша құралдар қою арқылы сұйық отын алып өту бойынша 20 дерек анықталды.

Ербол Бибазаров, облыстық әкімшілік полиция басқармасының бөлім бастығы:

Бензинді тасып жатқан тек қана Қырғыз азаматтары ғана емес, Қазақстан азаматтары да шығарып сатуда. Қосымша бактар орнатылған жағдайда 15 АЕК-ке айыппұл салынады. Ол 51 750 теңге.

Өткізу бекеттерінің алдындағы тексеру жұмыстарына Көлік комитетінің мамандары да қатысады. Олар тек жүк көліктерін бақылау үшін қойылған. Мамандардың айтуынша, мұндай рейд сұйық отынның сыртқа заңсыз тасымалы тоқтағанша жалғасады.

Данияр Әлімқұл


Хабарламаларға жазылу