Ақтөбе облысы Жаңажол кен орнында күйіп қалған 4 мұнайшыға жұмыс беруші 1 миллион теңгеден көмек беретін болды. Олар облыстық ауруханаға санавиациямен жеткізілген. Дәрігерлердің айтуынша, төртеуі де естерін біледі. Алайда жағдайлары ауыр. Бүгін астаналық дәрігерлер телемедицина көмегімен қосымша ем-домдар тағайындайтын болады. Естеріңізге салсақ, 1 мамыр күні «CNPC – Ақтөбемұнайгаз» АҚ-ның №2 Газ өңдеу зауытында өрт шыққан еді. Ол жерде газ өткізу қондырғысы жанған. Өрт сөндірушілер жалынмен 15 сағат күресті.
Талғат Есқарин, Облыстық еңбек инспекциясы басшысының орынбасары:
4 адамға АҚ тарапынан 4 млн ақша бөлінді. Бұл өз бюджетінен. Сонымен қатар әбден жазылғанға дейін дәрі-дәрмекке, емдеуге де ақша бөлініп отырады. 4-еуі де 20 пайыз күйікке шалынған дейді. Енді тергеп-тексеру жүргіліп жатыр. Не себептен болғаны соның барысында анықталады.
Жақсыбек Кемал
![](https://px.mediadata.kz/s.gif?mh_id=7916e9245b3c5232be2c21bfdafded87&mh_news=Ақтөбедегі мұнайшыларға астаналық дәрігерлер көмек көрсетеді&mh_tags=Qazaqstan&mh_page=https://qazaqstan.tv./index.php/news/175400/)