Алматылықтар заңсыз құрылысқа қарсы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматылықтар заңсыз құрылысқа қарсы

19.05.2023

Тұрғын үй ауласында салынып жатқан медициналық орталық құрылыс заңсыз. Алматылық тұрғындар жеке кәсіпкермен дауласып жүр. Айтуларынша нысан көпқабатты үйге тым жақын ораналасқан, сондықтан аулаға кіріп-шығу қиындай кетті. Тараптарды тыңдаған тілшіміз Нұрсұлтан Тілектес тақырыпты тарқатады.

Нұрсұлтан Тілекте, тілші:

Бұл ғимарат сонау 60 жылы салынып, біршама жыл маңайдағы үйлерді жылытатын қазандықтар тұратын нысан қызметін атқарып келген. Бірақ соңғы 20 жыл қараусыз қалып, тек жекеден жекеге сатылып келген. Учаскенің қазіргі иесі мұнда балаларға арналған медициналық орталық салуды жоспарлап отыр.

Құрылысы енді басталатын нысанға жақын орналасқан тұрғын үй кешенінің жұрты жеке кәсіпкердің бұл идеясын құптамайды. Клиника бой көтеретін болса, аулаға кіріп-шығу мүмкін болмай қалады дейді олар.

Мәулен Өскенбай, қала тұрғыны:

Мына жерде, міне, көріп отырғандарыңыздай, балалар алаңы бар. Қаншама көлік келеді, кетеді. Балалардың қауіпсіздігі бір шеті. Одан кейін медициналық орталықты қаламаймыз біз. Өйткені, мынадай тар жерге, президентіміз де айтты нүктелі құрылысқа тыйым салу керек деп. Ал мынау сол нүктелі құрылыс болып отыр.

Тұрғындардың сөзінше кәсіпкер бұрынғы ғимаратты бұзбай, тек қайта қалпына келтіремін деп құжат рәсімдеген. Бірақ онысын орындамай, көршілес тұрғын үймен арадағы тиісті қашықтықты да сақтамай отырған көрінеді. Ал учаске иесі ғимараттың құлағалы тұрған қабырғаларын ғана бұзғанын айтады. Негізі тірек қабырғалары сол күйі қалады. Қолындағы құжаты түгел кәсіпкер, ғимараттың биіктігі екі қабаттан аспайтынын жеткізді. Сондықтан көршілес үй тұрғындарының заңсыз құрылыс бастады деген шағымымен келіспейді. Сондай-ақ ережені тұрғын үйді салған мердігер компания бұзғанын айтады.

Ерлан Катаев, кәсіпкер:

Негізгі қаңқасы тұр. Қазір іштерін қайта жоспарлап әдемілеп жасаймыз. Менің ғимаратым 60 жылы салынған. Бұлардың ғимараты үш жыл бұрын соғылған. Бұл жерде мен емес заң бұзып тұрған, заңды мына «Навек» құрылыс компаниясы бұзып тұр. Олар менің ғимаратымнан әрі қарай соғу керек еді. Түрғындар да алған кезде біліп алды бұның нүктелі құрылыс екенін.

Кәсіпкер құрылысты жуық арада бастап, балаларға арналған медициналық орталықты жыл соңына дейін ашуды жоспарлап отыр. Десе де, құзырлы мекемелер тұрғындардың шағымынан соң бей-жай отыра алмаймыз, сондықтан күні ертең тексеріс жұмыстарына кірісеміз дейді.

Олжас Төлебаев, қала құрылысын бақылау басқармасы басшысының орынбасары:

Бүгінгі таңда Алматы қаласының Қала құрылысын бақылау басқармасымен аталған нысан бойынша жоспардан тыс тексеру тағайындалып жатыр. Біз тексеруді құқықтық статистика және арнайы есепке алу басқармасында тіркейміз әрі қарай заң бұзушылық анықталса, әкімшілік шара қолданып, өз тарапымыздан құқықбұзушылықты жою туралы нұсқау береміз.

Тұрғындар учаскеде медициналық орталық емес, футбол алаңы немесе балалар алаңқайы салынғанын қалайды. Ал ғимарат иесі болса заңға сенеді. Мәселенің қалай шешілетіні әкімдіктің тексерісінен кейін белгілі болады. Жалпы былтырдан бері Алматыда заңсыз салынып жатқан 77 нысан анықталған. Қазір оның отыз тоғызына қатысты сот талқылау жүріп жатыр. 27 нысанды бұзу туралы үкім шыққан, 11 ғимараттың құрылысы тоқтатылған. Сондай-ақ жыл басынан 7 нысан мәжбүрлі түрде сүрілген.

Нұрсұлтан Тілектес


Хабарламаларға жазылу