Ақтөбе облысы Тұмабұлақ ауылындағы 130-ға жуық үйдің үштен бірі бос тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбе облысы Тұмабұлақ ауылындағы 130-ға жуық үйдің үштен бірі бос тұр

13.06.2023

Ақтөбе облысы Әйтеке би ауданына қарасты Тұмабұлақ ауылындағы 130-ға жуық үйдің үштен бірі бос тұр. Тұрғындар болашақта ауылда адам қалмай қала ма деп алаңдайды. Сондықтан елді мекенге тез арада көгілдір отын әкеліп, жол салып беруді сұрап отыр. Ал әкім-қаралар әзірге тек құрғақ уәдемен ғана тойдырып келеді дейді. Ауылдағы ағайынның жай-күйімен Жақсыбек Кемал танысып келді.

Самалбек Жаңабаев осы ауылда туып-өскен. Болашақта да басқа жаққа қоныс аударуды ойлаған емес. Алайда, оның бауырлары екі қолға бір күрек іздеп, облыс орталығына көшкен. Олардың үйлерінің есік-терезесі бітеулі. Самалбек ара-тұра осында келіп, баспананың жай-күйін бақылап тұрады. Өйткені, қара шаңырақтың іші қайтадан жанға толады деген үміті бар.

Самалбек Жаңабаев, Тұмабұлақ ауылының тұрғыны:

Мына үй бос тұр.Алдағы уақытта газ келсе, жол келіп жатса, қалада ағам бар, інім бар, келеміз деп отыр.Бос, бұзылып жатырған үйлер көп, бәрі сол ол мен газдың жоқтығынан.Қалаға кетіп жатыр жайлап-жайлап.

Жақсыбек Кемал, тілші:

Ауылда 120-дай үй болса, оның 30-ының терезелері жабылып, есіктеріне қара құлып салынған. Сондай-ақ елді мекенде мынадай бұзылған үйлер де жетерлік.Жуық арада бұл қирандылардың орнын тазарту жұмысы жүруі тиіс.

Кезінде мал шаруашылығы өркендеп, республикаға танымал болған елдімекеннің қазіргі жағдайы мәз емес. Бұған дейін Басқұдық деп аталып келген ауыл Ақтөбеден 450 километр қашықтықта орналасқан. Ал, аудан орталығына дейінгі 120 шақырым көтерме жол жөндеуді қажет етеді. Әсіресе, көктем мен қыста қатынас қиын. Жауаптылардың айтуынша, бұл мәселе келесі жылы шешілуі тиіс.

Арман Алдабергенов, Әйтеке Би ауданы әкімінің міндетін атқарушы:

Шілде айында жобасы дайын болады.Содан кейін біздер облыстық автомобиль жолдары басқармасына және экономика басқармасына бюджеттік өтінімді жолдайтын боламыз.Егер де қаржысы қарастырылатын болса, жұмысын бастаймыз деген жоспарымыз бар.

Ауыл тұрғындары негізінен мал шаруашылығымен айналысады. Бос қалған үйлердің көбі қазір мал қораға айналған. Ауыл әкімінің айтуынша, мемлекеттен берілетін жеңілдетілген несиенің де басым көпшілігі осы салаға бағытталған.

Берік Жакупов, Тұмабұлақ ауылдық округінің әкімі:

«Мамандарымызбен біздер үй бірінші аралап, түсіндіру жұмыстарын жүргіздік.Басым көпшілігі мал шаруашылығына алғысы келеді. Ал енді көшуді тоқтату үшін газ келсе екен деп отырмыз. Облыстың жоспарында бар.

Аудан басшыларының айтуынша, елдімекенге көгілдір отын тарту бойынша жұмыстар жүріп жатыр. Жобалық-сметалық құжаттары дайындалған. Егер, ешқандай кедергі болмаса, газ құбырын тарту жұмысы 2025-інші жылы басталуы тиіс. Ал, биыл ауылға шағын футбол алаңы салынып, көшелерге жарықшамдар орнатылмақ.

Жақсыбек Кемал


Хабарламаларға жазылу