Жетісу облысында «ШағанФест-2023» атты алғашқы денсаулық фестивалі өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жетісу облысында «ШағанФест-2023» атты алғашқы денсаулық фестивалі өтті

14.06.2023

Жетісу облысында «ШағанФест-2023» атты алғашқы денсаулық фестивалі өтті. Теңіз деңгейінен 2551 метр биіктіктегі тауға жаяу көтерілуге 200-ден астам адам ниет білдірді. Салауатты өмір салтын қалыптастырып, тау туризмін дамытуды көздеген жорыққа өңірдегі әріптесім Қуаныш Қанатұлы да қатысып, биіктікті бағындырып қайтты. Шаған тауының биік нүктесі 2551 метр болғанымен оған жету үшін қатысушылар тауға 10 шақырымдай жаяу жүріп өтуі керек. Ойлы қырлы, соқпақты, бұраң жолмен жүруге бел буғандардың қарасы қалың. Кәсіби триатлоншылар, жеңіл атлеттермен бірге тауға шығып, серуен құруды ұнататын тұрғындар да өз қабілет қарымын сынап көрді.

Әйгерім Молдыбаева, қала тұрғыны:

Жұмыстан кейінгі демалыс кездерде, қолымыз босай салған кезде бар мүмкіндігінше осындай тау шыңдарға шығамыз. Одан кейін әсем табиғат аясында өткізгенді жақсы көреміз. Өзімнің жеке хоббиім десем де қателеспеспін.

Шыңға шығушылардың жасына қарай ешқандай шектеу қойылған жоқ. Ең кішкентай қатысушы 7 жаста болса, ең үлкені 70-ке жуықтаған.

Қуаныш Қанатұлы, тілші:

Бұл жорықтың басты мақсаты мәре сызығын бірінші кесіп өту емес, ұжымдық танытып, бірге осы шыңды бағындыру. Ал Шағанның биік нүктесіне жеткен әрбір азаматқа осындай мерекелік, естелік медаль табысталады.

Тіркелген азаматтардың барлығы да биік шыңды бағындырды. Еліміздің көк туын желбіретіп, естелік суреттерге түсті. Ең бастысы өз денсаулығы мен күш жігеріне сеніп, мақсатына жеткеніне қуанды. Туристік әлеуеті зор өңірде мұндай көпшілік шаралар биыл жиі ұйымдастырылмақ.

Жандос Нұриев, ұйымдастырушы:

Осымен тоқтамаймыз. Осы аптада ашық Азия чемпионаты өтеді. Көксу рафтинг фестивалі өтеді. Алакөлде суға шомылу маусымы басталады.

Жетісу өңірінде туризм саласын түрлендіру тетіктері өте көп. Жылдың төрт мезгілінде де саяхат жасап, белсенді демалуға болады. Ал мұндай жорықтар мен фестивальдар туристік нысандарды танымал етудің бір жолы.

Қуаныш Қанатұлы


Хабарламаларға жазылу