Түркістандағы құрылтай «Әділетті Қазақстан – адал азамат» деген тақырыбына арналды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістандағы құрылтай «Әділетті Қазақстан – адал азамат» деген тақырыбына арналды

18.06.2023

Ұлттық Құрылтай отырысына тоқталсақ. Түркістандағы жиын «Әділетті Қазақстан – адал азамат» деген тақырыпты арқау етті. «Адал азамат» – жаңа тұжырым. Оның мәнін Президент өз сөзінде «Әділетті Қазақстанды Адал азаматтар құрады. Бұл – бір-бірімен өте тығыз байланысты ұғымдар» деп түсіндірді. Әрі Адал азаматтың сипатын ашып берді. Ондай жанның бойында отаншылдық, адамгершілік, білімпаздық, кәсібилік, үнемшілдік, еңбекқорлық, ел мен жерге жанашырлық сияқты асыл қасиеттер болуы керек деді. Айналып келгенде, әр салада адалдық басты орында тұрса, әділ қоғам орнайды емес пе?! Ал әділ қоғамда жемқорлыққа жол берілмейді, ел мүддесіне қайшы шешімдер шығарылмайды...

Демек былтырдан айтылып келе жатқан Әділетті Қазақстан мен кеше жарияланған Адал азамат ұғымдары бір-бірінен ажырағысыз егіз құндылықтар деуге болатындай.Екі күнге ұласқан Түркістандағы құрылтайға тілшіміз Данияр Қайыртай да қатысып келді.

Данияр Қайыртай, тілші:

Түркістан – ұлы дала өркениетінің темірқазығы. Ал осындағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі – бай тарихымыздың символы. Мемлекет басшысы Құрылтай отырысында осы кесенеге ұлттық мәдени-тарихи ескерткіш мәртебесін беру туралы ұсынысты қолдайтынын айтты. Әрі биыл туғанына 930 жыл толған ғұламаның еңбектерін зерттеп, дәріптеу үшін «Ясауитану» ғылыми орталығын құруды ұсынды.

Қайрат Жолдыбайұлы, қоғам қайраткері, дінтанушы:

Ясауи бабамыздың мұраларын біз жалпылама зерттедік. Кітаптары шығып жатыр. Әлі де түгенделетін кітаптары бар. Бірақ енді біз ішіне үңілуіміз керек. Ясауи бабамыздың принциптарын бөлек-бөлек айқындап ашуымыз керек.

Мемлекет басшысы елдің жаңа құндылықтарын қалыптастырудың сегіз аспектісін атады. Кей сарапшылар мұны алдағы идеологиялық саясаттың сегіз бағыты деп бағалап үлгерді. Оның біріншісі – мемлекеттік нышандарды жетілдіру. Себебі «елдің ықпалды болуына ұлттық брендтің әсері мол». Бірыңғай дизайн-код пен ортақ стандартта ұлттық ерекшелігіміз көрініс табуы керек дегенді айтты Қ.Тоқаев.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Алдымен аймақтардың және қалалардың таңбасын бірыңғай үлгіге келтіру керек деп санаймын. Қазір олардың көбінің мазмұны және пішіні – әркелкі. Соған байланысты қоғамда жиі сын да айтылады. Бұл салаға мұқият талдау жасап, ортақ ұстанымдар әзірлеу қажет.

Президент мемлекеттік марапаттар жүйесін де өзгертуді тапсырды. Орден-медальдар терең мағыналы әрі ерекше болуы керек, деді. Ол үшін наградаларға көрнекті тұлғалардың есімін беру қажеттігін айтты. Осы ұсынысты жыл соңына дейін сараптап, келесі жылы жаңа атауға ие орден-медальдарды табыстаймыз, деді Мемлекет басшысы.

Әлихан Байменов, Мемлекеттік қызмет саласындағы Өңірлік хабтың басқарушы комитеті төрағасы:

Мемлекеттік марапаттардың құндылықтар қалыптастыруда да үлкен рөлі бар. Бір жағынан оның шын лайықты адамдарға берілуі, екінші жағынан сол арқылы біздің мемлекетіміздің тарихының терең тамыры бар екенін және бүгінгі тәуелсіздікке қол жеткізген буынның алдында ұлы бабалары болғанын дәріптеудің де бір жолы.

Қ.Тоқаев екінші бағыт ретінде ұлттың тарихи сана-сезімін жаңғырту ісін атады. Ал ол үшін Қазақстан тарихының көптомдық жинағын келесі жылдың ортасына дейін әзірлеуді тапсырды. Тарихи танымды кеңейтуде археологияның да үлесі зор. Алайда осы саладағы бас ғылыми мекеме – Алматыдағы Археология институтының халі мүшкіл.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Мекемені жаңғыртып, оның жұмысына тың серпін беру үшін институтқа барынша жағдай жасау қажет. Оны тиісті ресурстармен қамтамасыз ету керек. Институт жанынан тарихи жәдігерлердің арнайы қорын жасақтаған жөн.

Мемлекет басшысы былтырдан бері еңбек адамының мәртебесін көтеру туралы жиі айтып жүр. Осы жиында да еңбек культін орнықтыру үшін «Еңбек күніне» орай ең үздік мамандарды мемлекеттік деңгейде ұлықтау керек, деді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Нағыз еңбек адамы бұл – істің адамы, яғни әр ісіне, әр қадамына жауапкершілікпен қарайтын адал азамат. Ал жауапсыздықтың салдары неге апарып соқтыратыны кешегі өрт кезінде айқын көрінді. Осындай келеңсіз жағдайлар тек орман шаруашылығында емес, басқа да салада бар.

Кітап басу ісі де – идеологиялық жұмыстың бір бағыты. Біздің нарықтағы әдеби кітаптың 90 пайызға жуығы сырттан әкелінеді. Сондықтан ұлттық мүддеге сай келетін кітаптарды басуды көбейту маңызды деді. Әрі өскелең ұрпақтың кітап оқуға құштарлығын ояту үшін «Балалар кітапханасы» атты жаңа бағдарлама әзірлеуді тапсырды. Жастар кітап оқуды азайтқанына зерттеу нәтижесі дәлел.

Жұлдыз Сүлейменова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Өткен аптада ғана бізде зерттеу жарық көрді. «Мен кітапты сүйіп оқимын» деген бастауыш сыныптың оқушылары бұрында 71 пайыз болса, 2016 жылы, осы жолы 53 пайыз. Екінші көрсеткіш – «менің ата-анам кітапты сүйіп оқиды» деген көрсеткіш бар. Сол жерде біз әлем елдерімен салыстырғанда екі есе төмен көрсеткіш көрсетіп тұрмыз. Ал 2016 жылғы өзіміздің ата-аналармен салыстырғанда 9 есе төмен көрсеткіш көрсетіп тұрмыз.

Президент киноға барған көрермен санын есептейтін цифрлық жүйе енгізуді ұсынды. Себебі қазір киногерлер фильмін нақты қанша адам көргенін анықтай алмайды. Ал кинотеатрлар билеттен түскен қаржының едәуір бөлігін өз қалтасына басып қалады. Кино саласын дамытуға қатысты ұсыныстарын актер Азамат Сатыбалды да ортаға салды.

Азамат Сатыбалды, Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының ректоры:

Мемлекеттік кинотеатр керек. Онда бюджет ақшасына түсірілген кинолар көрсетіледі. Сосын киноға ғылыми негіз керек. Себебі бұл да идеологиялық құрал.

Президент «басшылық құрамды жаңарту жұмысы жалғасын табады» деп кадрлық ауыс-түйістерді аңдатып қалды. Әрі мемлекеттік қызметкерлердің бойынан кәсібилік пен отаншылдық қасиеттері табылуы керек, деді. Жағымпаздықтан аулақ болуға үндеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Мемлекет басшысын мадақтаудан гөрі жұмысты адал атқарып, халықтың алдында абыройлы болу әлдеқайда маңызды. Барлық мемлекеттік қызметшілерге осыны айтқым келеді. Президент – әулие емес, халықтан биік тұлға емес.

Данияр Қайыртай, тілші:

Бұл да Президент бүгін жариялаған «Адал азамат» тұжырымының аясына сыйып кетеді. Қ.Тоқаев мемекеттік аппарат өкілдерінің сана-сезімін өзгерту керек дегенде де сол адалдықты меңзеп отыр... Ал Ұлттық құрылтайдың ендігі отырысы Атырау облысында өтеді. Осы аймақтағы әйгілі Сарайшық қаласында атақты хандарымыз ордасын тіккені тарихтан белгілі. Осылайша Құрылтайды өткізетін орынды таңдауда да бірізді дәстүр қалыптаспақ.

Данияр Қайыртай


Хабарламаларға жазылу