Алматыда 50 адамның жазған хаты кітап болып шықты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда 50 адамның жазған хаты кітап болып шықты

22.06.2023

«Ең қадірлі жанға хат». Алматыда республикалық ерекше байқаудың жеңімпаздары марапатталды. Бір қызығы оған 1000-нан астам адам қатысқан.

Бұл кітапқа 50 адамның жазған хаты енген. «Ең қадірлі жанға хат» деп аталады. Авторлар танымал ақындарға, жақындарына, сүйгеніне ішіндегі сырын баяндаған. Тіпті ауыр сырқатқа ұшыраған жандардың қоштасу сөздері бар. Ерекше форматтағы сайыс алғаш рет ұйымдастырылып отыр.

Байқау қаңтар айында жарияланды. Оған 1200-ден астам студент пен оқушы хат жіберген. «Бұл технологияның дамып, хат жазу деген ұғымның ұмытыла бастаған шағында таң қаларлық көрсеткіш болды», - дейді ұйымдастырушылар. Хаттардың арасынан көркемдік, мағына жағынан үздік шыққан 250-і сараланып, жеңімпаздарға сыйақы берілді.

Балауса Әмірғалиева, байқау жеңімпазы:

Бізде хат жазу деген қалып барады. Сол себепті мен хат жазу үлгісін жаңартқым келеді. Мен мұзбалақ ақын М.Мақатаевқа хат жаздым. Мен ол кісіге айтқым келгені: «Сіздің артыңыздан келе жатқан ізбасарларыңыз бар». Біз ол кісінің өлеңдерін жақсы көреміз және оны әрі қарай таратамыз деген ойдамын.

Ұйымдастырушылар байқауды игі дәстүрге айналдырмақ. Мақсат— ұмыт болған үрдісті қайта жаңғырту.


Нұрсұлтан Тілектес

Хабарламаларға жазылу