Шетелден ретсіз кіргізілген көліктердің кесірінен жолдағы жағдай күрделеніп кетті. Ішкі істер министрлігінің алқа отырысында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деді. Статистика бойынша соңғы 3 жылда жол көлік оқиғасы 9 пайызға өскен. 6,5 мыңдай адам көз жұмып, 55 мыңнан астамы жарақат алған. Көлік тасумен айналысатын қылмыстық схемаларға полицейлердің де қатысы бар. Мұның жолын кесу қажет. Болашақта қайталанбауы үшін өзге жауапты органдармен тығыз қарым қатынаста жұмыс істеу керек, - деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Мұндай көліктердің жүргізушілері жол ережелерін өрескел бұзады. Көбінесе жауапкершіліктен де айналып өтеді. Қазір менің тапсырмаммен оларды заңдастыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бүгінге дейін қыруар шаруа атқарылды. Дегенмен бұл жұмыстарды тоқтатуға болмайды. Ал, ең бастысы жіберілген қателіктерді қайталамау керек. Көліктердің заңсыз елге кіргізілуіне жауапты мемлекеттік органдардың шикі ережелері себеп болды. Қазір соларды реттеуге мәжбүр болып отырмыз.
Ертеңнен бастап шетелден кіргізілген көліктерді тұрақты тіркеуге қою үшін өтініш қабылдау тоқтайды. Ал өтініш беріп үлгерген азаматтардың техниканы заңдастырып алуға әлі де мүмкіндігі бар. Бүгінде өзге елдегі заңды иесін таппай жатқан немесе көлігі кепілде тұрған, есептен шығаруға тыйым салынған автомобиль иелері көп. Олар 5 жылға дейінгі мерзімге уақытша тіркеуге қоюға рұқсат алады. Осы уақыт аралығында мәселесін шешіп үлгеруі тиіс.
Оңғар Алпысбайұлы