Офлайн өмірдегі жауапкершілік онлайн әлемде міндеттеледі – министр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Офлайн өмірдегі жауапкершілік онлайн әлемде міндеттеледі – министр

10.07.2023
Офлайн өмірдегі жауапкершілік онлайн әлемде міндеттеледі – министр

Әлеуметтік желілер бүгінде негізгі ақпарат көзі мен қоғамдық-саяси бағытты қалыптастыратын платформаға айналды. «Қоғам тынысының барометрі» атанған масс-медиа саласы қарқынды дамыған тұста ақпараттық технологиялар әсерімен әлем күрт өзгеріске ұшырады, коммуникацияның ландшафты да терең трансформацияға түсті. «Онлайн-платфмормалар және онлайн-жарнама» туралы заңға қатысты Ақпарат министрі Дархан Қыдырәлі осылай деп пікір білдірді.

«Мәселен, күні кеше ғана Reuters Institute жариялаған биылғы «Дижитал жаңалықтар есебі» бойынша, әлемде әлеуметтік желі арқылы жаңалықпен танысу 30 пайызға ұлғайған»,-деді министр.

Осыған байланысты Президент 2022 жылғы 16 наурыздағы Жолдауында медиа саланың даму үрдісін ескере отырып, БАҚ туралы заңды қайта қарауды тапсырған еді.

Министрдің айтуынша, Заңның қабылдануы Қазақстан Республикасындағы онлайн-платформалардың қызметі үшін құқықтық негіздер қалыптастырады, онлайн платформалар және онлайн жарнама саласындағы реттеудің нормативтік негізін консептуалдық тұрғыдан өзектендіруге мүмкіндік береді. Оған қоса, Еуропалық одақ қабылдаған Digital Services Act немесе цифрлық қызметтер туралы заңның баламасы іспетті бұл заң әлемдік әлеуметтік желілердің интерфейсін қазақшалау, инфлюенсерлердің жарнамасын таңбалау, заңсыз контентті неғұрлым тиімді модерациялау мәселелерін де реттейді. 

«Заң аясында көлеңкелі экономика үрдісін азайту және онлайн алаяқтықпен күресу бойынша қажетті шаралар қабылданады. Басқаша айтқанда, офлайн өмірдегі жауапкершілік онлайн әлемде міндеттеледі»,-дейді Дархан Қыдырәлі.

Сондай-ақ ол қабылданған заңның азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын толыққанды іске асыру үшін онлайн платформалармен тиімді ынтымақтастық пен өзара іс-қимыл орнатуға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Хабарламаларға жазылу