Шаруалар: Қант зауыттары мемлекет меншігіне қайтарылсын - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шаруалар: Қант зауыттары мемлекет меншігіне қайтарылсын

06.09.2023

Қант зауыттары мемлекет меншігіне қайтарылуы керек. Себебі, Ақсу мен Көксу зауыттары жинаған қызылшаны арзан бағада қабылдап, еңбегімізді елемей келеді дейді жетісулық шаруалар. Ал мемлекет тарапынан берілетін субсидия шығындарын ақтамайтын көрінеді. Бұған кәсіпорын басшылығы не дейді? Шаруалардың шағымын әріптесім Қуан Нұрақын тыңдап қайтты.

Шаруалар жинаған өнімнің бір тоннасына қазір мемлекет 25 мың теңге субсидия төлеп отыр. Зауыт қосымша 15 мың береді. Барлығын қосқандағы 40 мың теңге шығынымызды ақтамайды дейді шаруалар. Себебі, су тапшы, жанармай бағасы қымбат, техника ескірген. Оған қоса кәсіпорын басшылары қатал шарт қойып, айыппұл салып, бағаны тағы түсіретін көрінеді.

Асқар Шәріпов, Қазақстан фермерлер қауымдастығы филиалының төрағасы:

Осы зауыттардың барлығын біз монополис ретінде тіркеп, мемлекет тарапынан бақылап отыруларын сұраймыз. Бұл жөнінде біршама жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бірақ бұл әлі де болса өз дәрежесінде емес. Соны көбейтіп, зауыттарды қадағалау мәселесін түгелдей қолға алса дейміз.

Ал кәсіпорын басшыларының бірі қызылшаның әр тоннасын 15 мың теңгеден ғана сатып алуға шамамыз келеді, одан артық бағаны көтере алмаймыз деп отыр.

Алтынбек Абатов, «Көксу» қант зауытының директоры:

Сол 15 теңге биылға біздің ұстап отырғанымыз. Себебі одан артық қазір біздің шамамыз келмейді оны көтеріп, ары қарай неткенге. Осы жерде 100 күнге дейін, 120 күнге дейін сақталады. Сол уақыттың арасында қызылшаның өзі қантын жоғалтады біріншіден. Сосын салмағын жоғалтады. Соған байланысты бізде кішкене шығындар болады.

Биыл еліміз бойынша қант қызылшасының егіс алқабы 20 мың гектар. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 8 мыңға көп. Қызылшаны қайта өңдеуге, шаруаларға өтем ретінде бюджеттен 14 млрд теңгеден аса қаржы бөлінген. Шаруалар үкімет тарапынан тиісті көмекті алып отыр дейді жауапты мамандар.

Дамир Аспан, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз хатшысы:

Бұдан бөлек қазіргі уақытта инвестициялық субсидиялар қағидаларына қызылша жинайтын комбайндар бар, сепкіштер, яғни, арнайы техникаларды сатып алуға өтем, субсидия дейміз ғой. Мемлекеттік көмек тарапын, нормативін 50%-ға дейін көтеріп отырмыз. Былтыр, алдыңғы жылдары оның көлесмі 25% төңірегінде ғана болатын.

Десе де, мамандар қант өндірушілерге қолдау артқанымен, өндіріс көлемі керісінше азайып кеткенін айтады. (ГРАФИКА) Мысалы, 2020 жылы отандық шикізат ішкі сұраныстың 9% қамтамасыз етсе, 2021 жылы – 7%, ал 2022 жылы - 6% дейін төмендеген.

2020 ЖЫЛЫ – 9%

2021 ЖЫЛЫ – 7%

2022 ЖЫЛЫ – 6%

Ауыл шаруашылығы министрлігінің дерегінше, Қазақстандағы қант зауыттары тәулігіне 9 мың тоннаға жуық қызылша өңдесе, қамыс шикізаты 2,5 мың тоннаға жетеді. Елімізде құмшекердің жылдық тұтыну көлемі 500 мың тоннадан асады.


Қуан Нұрақын

Хабарламаларға жазылу