Азия аумағының үздік өндіруші компанияларының өнімдері көрмеге қойылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Азия аумағының үздік өндіруші компанияларының өнімдері көрмеге қойылды

25.09.2023

Азия аумағының үздік өндіруші компанияларының өнімдері көрмеге қойылды. Олар өз өнімдерін таныстырып, өзгелермен әріптестік байланыс орнатуға мүдделі. Қырғыз, Беларусь Республикаларының, Ресей федерациясының делегацияларын үкімет басшылары бастап келген. Өндірісті иннопром көрмесінің жалпы аумағы 12 мың шаршы метрді алып жатыр. Шараға қатысқан әріптесім, Оңғар Алпысбайұлы толықтырады.

Оңғар Алпысбайұлы, тілші:

Иннопром көрмесі Қазақстанда алғаш рет өтіп отыр. Онда Қазақстан, Ресей, Беларусь, Қырғыз Республикасының негізгі, ірі өндірушілері өз өнімдерін әкіп қойған. Мақсаттары халықаралық сауда экономикалық байланысты арттыру, тәжірибе алмасу, жана нарық және тасымалдаудың жаңа жолдарын іздеу.

Надежда Шабаева түрлі салаға бағытталған арнайы киім тігеді. Кәсіпкер 700 адамды жұмыспен қамтып отыр. Әзірге ішкі нарыққа жұмыс істеп жатыр. Шетелдік компаниялармен ынтымақтастық туралы алдын ала келісімдер жүргізген.

Надежда Шабаева, кәсіпкер:

Қазір біз Беларусь елінің кәсіпкерлерімен әріптестік орнатып, ортақ жобаларды қолға алу үшін жұмыстарды бастап кеттік. Әзірге нарықты зерттеп, келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Беларусь тарапы осы көрмеге келетіндерін айтты. Біздің өнімдердің сапасы мен жасау технологияларымен танысқаннан кейін келісім шартқа отырамыз деп үміттенеміз.

Көрмеден соң делегация өкілдері панельдік сессияларға бөлінді. Өнеркәсіп салаларындағы қазіргі мәселелерді ерекшеліп, оларды шешу жолдарын талқылады.

Әлихан Смайылов, Қазақстан Республикасының, Премьер-министрі:

Қазіргідей жаһандық тұрақсыздық пен экономикалық сын-қатерлер жағдайында өзара іс-қимылдың осындай форматы орнықты дамудың маңызды құралы болып табылады. Бүгінгі ауқымды шара өзара тиімді ынтымақтастыққа және алдымызда тұрған міндеттерді бірлесіп шешуге ықпал етеді.

Ал бірлескен жобалары бар компаниялар, жергілікті өндірісті күшейтуге мүдделі екендерін айтып отыр.

Роман Головченко, Беларусь Республикасының Премьер-министрі:

Қазақстанмен арадағы мызғымас байланысымыздың дәлелі ретінде Қостанайда құрастырылатын Белорусь тракторларын айтуға болады. Болашақта оның кабинасын, қозғалтқышын, өзге де қосалқы бөлшектерін бірлесіп Қазақстанда өндірірмекшіміз. Біздің кәсіпкерлер өзге бағыттарда да бірплесіп жұмыс істеуге дайын.

Өнеркәсіптік көрме 3 күнге жалғасады. Осы уақытта әр саладағы өндіріске қатысты проблемалар қозғалатын 12 панельдік сессия жоспарланған. Алыс-жақын шетелден жиналған бизнес өкілдері оларды шешу жолдарын талқылап, өз тәжірибелерімен бөліседі.


Оңғар Алпысбайұлы

Хабарламаларға жазылу