Келесі айда Қазақстан халқының саны 20 млн-ға жетеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Келесі айда Қазақстан халқының саны 20 млн-ға жетеді

04.10.2023

Келесі айда Қазақстан халқының саны 20 млн-ға жетеді. Демографтардың болжамы осындай. Қазір елімізде жалпы саны 19 млн 944 мың 726 адам тұрып жатыр. Оның 12 млн-нан астамы қалада, ал 7,5 млн-ы ауылды жерлерде тұрады. Яғни, қала тұрғындарының үлесі басым. Ал енді қай аймақтарда адам саны көп дегенге келсек. Халық көп шоғырланған қала – Алматы. Мегаполисте 2 млн 200 мың тұрғын бар. Екінші орында – Түркістан облысы. Мұнда 2 млн 135 мыңнан астам адам тұрады. Үшінші орында 1 жарым млн тұрғыны бар-Алматы облысы тұр. Сондай-ақ, Астанада 1 млн 400 мың, Шымкентте 1 млн 200 мың адам тұрады. Ал бәрімізді қызықтаратын ең басты сауал 20 млн-ныншы тұрғын қараша айында, яғни келесі айда дүниеге келеді деген болжам бар. 

Шынар Пазылбекқызы, демограф:

Менің болжауымша, ай сайын 20 мыңнан аса адамға көбейіп отырсақ, біз 2023 жылдың 1 желтоқсанындағы көрсеткіш бойынша біз 20 млн-ға жету керекпіз. Яғни, қараша айында, Желтоқсанға қарай Алла жазса жетеміз. 

Иә, қуанышты жаңалықты еститін күн алыс емес секілді. Демограф 2028 жылға қарай халық саны тағы 1 млн тұрғынға көбейеді деген болжамынмен де бөлісті. Табиғи өсім еліміздің экономикалық ахуалына қалай әсер етеді? Сарапшының пікірін білдік.

Сапарбай Жобаев, экономист:

Ең бірінші бұл адамдар жұмыс күші. Ал қайсы мемлекетте жұмыс күші көп болса, ол мемлекеттің экономикалық әлеуеті де көбейе береді. Екінші, сол жұмыс күші болғаннан кейін олардың салық төлеуге, бюджетті көбейтуге үлесі көп болады. Ал бюджеттің әлеуеті көп болғаннан кейін үлкен жобаларды жүзеге асыруға, жолдарды салуға, экономикамыздың бір жаңа технологияларын басқаруға мүмкіндігіміз көбейе береді.

Сонымен статистикаға қайта оралсақ, 20 млн-ға жуық халықтың тең жартысынан астамы, әйелдер екен. Яғни, елімізде ерлерге қарағанда әйелдер көбірек. Ер азаматтар 9 млн 700 мың болса, қыз-келіншектердің саны 10 млннан асады. Бұл материалды әзірлеген/ әріптесім Айя Мүтәлі болатын. Еліміздің демографиялық ахуалы жайында өзі айтып берсе.

Айя Мүтәлі, тілші:

Жалпы статистикаға сүйенсек, елімізде халық саны жылдан-жылға өсіп келеді. Биылдың өзінде 258 мың бала дүниеге келген. Осылайша, бір жылда табиғи өсім 172 мың адамды құрады. Яғни, ай сайын халық саны 20 мың адамға көбейіп отыр. Бұл жерде көші-қон үлесін айта кету керек. Жыл басынан Қазақстанға 17 мың 200 адам келсе, 11 303 тұрғын елден көшіп кеткен. Атамекеніне қоныс аударған қандастарымыз да көбейді. Биыл 13 мың 500 адам қандас мәртебесін алған. 

Жыл соңына дейін халық саны 20 млн-ға жететіні туралы Президент өз жолдауында да айтқан болатын. Мемлекет басшысы Үкіметке қазіргі демографиялық ахуалды еліміздің бәсекеге қабілетін арттыруға пайдалану керек деген міндет қойған.

Хабарламаларға жазылу