Қазақстан бір уақыт белдеуіне көшуі мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстан бір уақыт белдеуіне көшуі мүмкін

20.10.2023

Ел тұрғындары енді бір уақыт белдеуімен жүруі мүмкін. Яғни, Ақтөбе, Маңғыстау, Атырау, Батыс Қазақстан және Қызылорда облыстарының уақытын бір сағатқа алға жылжыту жоспары бар. Бұл ақпаратты Экология және табиғи ресурстар министрлігі растап отыр. Алайда, алдымен бұл мәселені мемлекеттік органдардың, депутаттардың және қоғамдық ұйымдардан құрылған жұмыс тобы талқыға салады. Жалпы, уақыттың өзгеруі адам денсаулығына қалай әсер етеді? Тұрғындар оған дайын ба? Жақсыбек Кемал зерттеп көрді.

Ел тұрғындары 2005 жылға дейін қысқы және жазғы мезгілде сағатты бір сағатқа өзгертіп отырды. Одан кейін тек екі уақыт белдеуі қалып, сағатты жылжыту процесі тоқтады. Ақтөбедегі планетарий мамандарының айтуынша, Қазақстанның бір уақыт белдеуімен жүруі қиын. Өйткені, күннің шығуы мен бату уақытын ескермесе болмайды.

Әсем Таңатарова, Ақтөбе облыстық планетарийнің қызметкері:

Алматыда мысалы, қарасаңыздар, күн ерте батып кетеді. Жетіде күн жарық болып тұрса, оларда ол уақытта күн батып кетеді. Ал бізде ол кезде жарық. Сол үшін бізге уақыт белдеуінің өзгеруі қолайсыз.Себебі, оқушылардың сабаққа баруы бар, тұрғындардың жұмысқа баруы бар деген сияқты. Алтыда тұрып кетуіміз керек болады, оқушылардың сабағы жетіде басталып кетуі керек болады. Жетіде дала қаракөлеңке.

Жаңа ұсыныс бойынша, 2023 жылғы 30 қарашадан 1 желтоқсанға қараған түні бес облыстың тұрғындары жаңа уақыт белдеуіне көшуі мүмкін. Мұндай өзгеріске тұрғындардың пікірі екіге жарылды.

Блиц:

«Ешқандай әсері жоқ сияқты ғой. Баяғы уақыт сол уақытпен қалады ғой. Біз қай уақытқа үйрендік, сол уақытпен жүре береміз ғой».

«Ол ыңғайсыз болады-ау деймін.Өйткені басқа жақтарда кеш ерте батады, жұмысқа уақыттары келмеуі мүмкін. Адамдарға басқа уақытта тұру керек болады».

«Шешімді қалай қабылдайды, соған байланысты нәрсе. Жан-жақты ойланып қабылдаса, дұрыс шығар».

Қазір Экология және табиғи ресурстар министрлігі Сауда және интеграция министрлігімен бірлесіп, уақытты есептеудің бірыңғай тәртібін белгілеу туралы мәселені талқылап жатыр. Уақыттың өзгеруі адам денсаулығына да әсер етеді. Әсіресе, биологиялық ритмнің бұзылуы балаларға кері әсер етуі мүмкін. Ал ересектер оңай көндігеді.

Ажар Жексенова, Медицина ғылымдарының кандидаты:

Организмде резервтік мүмкіншіліктер және коммесаторлық механизмдер бар. Қандай жағдай туғанның өзінде, барлық уақытта коммесаторлық механизмдер іске қосылады. Сондықтан білуіміз керек, жалпылама қарайтын болсақ, дүрлігетіндей өзгеріс туындамайды. Құжат айналысына да мысалы, оңды әсер береді деп қарастыруға болады.

Жақсыбек Кемал, тілші:

Бұл шешім қолдау табатын болса, еліміздің батыс өңірлері мен Қызылорда облысының тұрғындары әдеттегіден бір сағатқа ерте тұруы керек болады. Алайда, ұсыныс алдымен қоғам талқысына ұсынылады.

Жақсыбек Кемал


Хабарламаларға жазылу