Қаза тапқан кеншілердің отбасына көмек көрсетіледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қаза тапқан кеншілердің отбасына көмек көрсетіледі

29.10.2023

Қарағанды облысының әкімдігі қаза тапқан кеншілердің отбасы мүшелерінің тізімін жасап жатыр. Мемлекет басшысының тапсырмасымен оларға толыққанды көмек көрсетіледі. Нақтырақ айтсақ, компания қаражаты есебінен отбасыларға баспана сатып алынады. Моральдық зиян үшін 10 жылдық жалақы мөлшерінде біржолғы төлем беріледі. Асырауында болған балаларға 18 жасқа толғанға дейін ай сайынғы сақтандыру төлемі - ЖОО студенті болса, 23 жасқа дейін төленеді.

Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан жалақысына байланысты ай сайынғы төлем жүргізіледі. Қамқорлықтағы адамдардың санына байланысты асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы беріледі. Жұмыс берушінің қаражаты есебінен отбасылардың несиесі өтеледі. Жерлеуге байланысты барлық шығын да өтеледі. Қаза тапқандардың балалары мен жұбайы жұмысқа орналастырылады. 23 жасқа дейінгі балалардың оқу ақысы төленеді әрі жұбайы мен балаларына санаторий-курорттық емделуге жолдамалар беріледі.

Светлана Жақыпова, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:

Мемлекет тарапынан қаза тапқан шахтерлардың отбасыларына асыраушысынан айырылғаны үшін төлемдер төленеді. Бірінші төлем ол базалық жәрдемақы. Екінші төлем, әлеуметтік сақтандыру қорынан. Үшінші төлем, өмір сақтандыру компаниясынан. Инвестор ауысса да, «Арселлор Митталдың» ұжымдық шартында қарастырылған барлық әлеуметтік көмек толық көлемде беріледі.

Асима НҰРБАЙҚЫЗЫ


әлеуметтік көмек костенко шахта апаты

Хабарламаларға жазылу