«Үздік ұстаз-2023» атағын иеленген мұғалім 30 жылда жүздеген шәкірт тәрбиелеген - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Үздік ұстаз-2023» атағын иеленген мұғалім 30 жылда жүздеген шәкірт тәрбиелеген

19.12.2023

Баланың талантын ұштап, талабын шыңдау оңай жұмыс емес. Ол үшін қажырлық пен сүйіспеншілік, махаббат пен еңбекқорлық қажет. Осы орайда кәсіби құзыретін сәт сайын дамытып, өз ісін абыроймен атқарып жүрген мұғалімдер аз емес. Мәселен, биыл «үздік ұстаз» атағын алған Гүлайым Қалмағанбетова балаларға өзі ойлап тапқан авторлық ойындары арқылы сабақ береді.

Ақмолалық Гүлайым Қалмағанбетова жиырма алты жылдан бері ұстаздық етуден жалықпай келеді. Жаңалық пен өзгеріске жаны құштар. Әр сабағын қызықты, түсінікті етіп өткізуге тырысады. Ол үшін күн-түн демей ізденеді. Жылдар бойы білген-түйгенін әдістемелік оқу-құралдарына жинақтап, түрлі бағдарламалар ойлап табады.

Гүлайым Қалмағанбетова, Мұғалім:

Менің беретін пәнім қазақ тілі және әдебиеті пәні болғандықтан, ертең елімізге кірпіш болып қаланатын, өзінің ойы айқын, іс-әрекетімен дәлелденетін ұрпақты тәрбиелеу менің сабағымның басты мақсаты деп ойлаймын.

Ұлағатты ұстаздың сабақ беру тәсілі, баланың тілін тауып, оқу-білімге бейімдеуі, құлшынысы өзгеше. Оқушылар сабақ үстінде сурет те салады, қолөнер де жасайды.

Айнагүл Хамзина, Оқушы:

Мысалы, біз бүгінгі Махамбет пен Исатайдың жырауында осы қобызды оқушылармен бірге істедік. Біздің сабақты нақты аяқтау үшін осы қобызды бірлесіп жасадық.

Ал көкшетаулық жас маман Минас Ерланұлының сабақ беру тәсілдері әлеуметтік желілерде аса танымалдылыққа ие. Бейнежазбалары миллиондаған қаралым жинаған. Информатика пәнінен сабақ беретін мұғалім түрлі қосымша арқылы жұмыс істейді.

Минас Ерланұлы, Мұғалім:

Бұл платформаларды мен өзім сабақ беру процесінде қолданамын және әлеуметтік желілерде ұстаздарға да қалай қолдану керек, қандай пайдасы бар екен деп бөлісіп, нұсқамды көрсетіп отырамын. Әлеуметтік желімде республика бойынша мұғалімдер тіркелген. Көреді, оқиды. Осы көрсеткен әдіс-тәсілдерді өзінің сабағына кірістіріп, кері байланыс жасап жатады.

Қазіргі таңда оқушыларға бар ақпаратты жеткізе білудің өзі өнер. Ол үшін әрдайым ізденіс үстінде болу керек. Сонда ғана заман талабына сай білікті де, білімді азаматтарды тәрбиелеп шығуға болады, - дейді жас маман.

Ұмсындық Наурызбаева


Хабарламаларға жазылу