Алматыда айналма көпірдің жігі ажырап кеткен - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда айналма көпірдің жігі ажырап кеткен

15.01.2024

Алматыда айналма көпірдің жігі ажырап кеткен. Мұны тұрғындар байқап, видеоға түсіріп, желіге салған. Бұған жүргізушілер алаңдаулы.

Бұл көпір Райымбек даңғылымен келе жатқан көліктердің шығыс бағытқа айналуы үшін 2015 жылы салынып, пайдалануға берілген. Қазір көпірдің жігі бір қарысқа дейін ажырап кеткен. Екі жағы да дәл осындай.

Қазір көпір үстімен көліктер емін-еркін жүріп жатыр. Әкімдік өкілдері жолды жауып, қозғалысты шектеуге еш негіз жоқ екенін айтады. Ал, көпір арасының ажырауына ауа райының қолайсыздығы себеп.

Данияр, Сағынғалиев, қалалық мобилділік басқармасының бас маманы:

Яғни, қыс мезгілі кезінде бетон конструкциялар қысқарады. Сәйкесінше, деформациялық тігіс жаз мезгілінде ұлғаяды. Осыған байланысты 2024 жылы осы эстакада бойынша деформациялық тігістерді жөндеу жоспарланған. 

Десе де, қала тұрғындары мен жүргізушілер бұған алаңдаушылық білдіріп отыр. Ақауды дер кезінде қолға алып жөндемесе, ертең жол-көлік оқиғасы орын алуы мүмкін дейді.

Қала әкімдігі ақау бойынша мамандардың шешімін күтіп отырғандарын жеткізді. Ал бетон арасындағы қуысқа резеңке қойылуы тиіс екен. Оны биыл жөндемек. Былтыр жігі ажырап кеткен дәл осындай алты айналма көпірге жөндеу жұмыстары жүргізілген.


Қуан Нұрақын

Хабарламаларға жазылу