Мәскеуде Қаңтар оқиғасы туралы фильм көрсетілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мәскеуде Қаңтар оқиғасы туралы фильм көрсетілді

20.01.2024

Мәскеуде Қаңтар оқиғасы туралы фильм көрсетілді. Халық шаруашылығы жетістіктері көрмесіндегі Қазақстан павильонында «Қаңтар. Мемлекеттік төңкеріс әрекеті. Оқиға қалай өрбіді» деректі фильмінің жабық көрсетілімі өтті. 

Қазақстанның тұрақтылығы мен қауіпсіздігіне нұқсан келтірген қаңтарда орын алған жағдай жаһан жұртының назарын аударғаны мәлім. Фильм оқиғаның шын мәнінде қалай болғанын көрсетеді. Қасіретті қаңтардың басталуы, шарықтау шегі мен аяқталуы туралы баяндайтын деректі кадрлардың үзінділерінен тұрады. Сюжеттік желі оқиғалардың толық хронологиясына негізделген.

Вячеслав Иванов, Ұлттық зерттеу университеті Экономика жоғары мектебінің бас сарапшысы:

Бұл фильмнен біз біраз ой түйдік. Бұрмалаусыз, ашық ақпарат берілген. Аналитикалық ақпараттар да жоқ емес. Шыны керек, жас та болса, бас бола білген Қазақстанның бұл сынақтан сүрінбей өткені тек Ресей үшін емес, барлық Орта Азия мемлекеттері үшін де маңызды еді. Алғашында бейбіт шеру деп ойладық, кейін белгісіз күштердің араласқаны анықталды. Бірақ жағдай ел билігі тарапынан күндіз-түні бақылауда болып, қазақстандықтар үлкен қатерден аман қалды.

Георгий Пряхин, «Художественная литература» баспасының бас редакторы:

Шынайылық, нақты факті. Әрісесе Қаңтар оқиғасына қатысушыларға бір реттік рақымшылық жасау туралы шешім құрметке лайық. Бұны фильмнен көріп, таң қалдық. Екінің бірі, тіпті мықты деген басшылардың өзі мұндай қадамға бара бермейді ғой. Яғни Қазақстанда адам құндылығы жоғары орында екені түсінікті.

Фильм авторлары мемлекеттің басына қара бұлт үйірілген шақтан көрерменге жаңа деректер беріп, тәртіпсіздік кезіндегі тың видеоны жинақтау арқылы оқиғаның нақты хронологиясын ұсынған. Фактілер, құжаттар, фотосуреттер, бейнежазбалар және куәгерлердің пікірлері зерттеп, талданған. Бұл болған оқиғаның толық және егжей-тегжейлі бейнесін қайта құруға мүмкіндік берді.

Сергей Афонцев, Ресей ғылым академиясының Е.М.Примаков атындағы Әлемдік экономика және халықаралық қатынастар ұлттық ғылыми-зерттеу институты директоры орынбасарының міндетін атқарушы:

Фильмді көріп болған соң, терең ойға баттық, әріптестерім де дәл сондай күйде болды. Себебі Қазақстанның қандай сынақтан аман қалғаны, дұрыс жолмен келе жатқанын аңғаруға болады. Әрине, бәріміз бұдан сабақ аламыз. Егер де басқаша қадамға барса, Қазақстандағы трагедия ауқымы үлкен болар еді. Қазақстандықтардың рухы биік екенін көрдік. Енді елде жалғасқан реформалардың нәтижесінде экономиканың тамырына қан жүгіртері сөзсіз.

Еліміз құрдымға кетуге шақ қалған қысылтаяң тұста батыл шешім мен һәм әділ әрекеттің арқасында Қазақстан тұтастығын, халқы ауызбіршілігін сақтап қалды. Ал фильм сансыратқан сан сұраққа жауап табуға мүмкіндік берді. Ресейлік сарапшылардың да пікірі осыған саяды.

Индира Бегайдар


Хабарламаларға жазылу