Арықтататын дәрі ішіп, жүрегі тоқтап қалған: «БАД»-ты кім бақылауға алады? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Арықтататын дәрі ішіп, жүрегі тоқтап қалған: «БАД»-ты кім бақылауға алады?

21.01.2024

«Арықтаймын» деп БАД – биологиялық белсенді қоспаны ішіп, жүрегі бірнеше минутқа тоқтап қалған ақтаулық тұрғын дәрігерлердің көмегімен аман қалған. Жүрегіне дер кезінде ота жасалған. Нәтижесінде науқас клиникалық өлімнен оянған. Содан кейін оған 6 күн қатарынан жансақтау бөлімінде көмек көрсетілді.

Семіздіктен құтқаратын дәрі жоқ. Болмайды да. «Сондай ғажап дәрмек бар» деп жарнама жасап жүрген блогерлерге не деуге болады? Сауатсыздықтың, надандықтың, дүниеқоңыздықтың шегі жоқ деген рас-ау. Арықтау деген дұрыс тамақтану және қимыл-қозғалыс. Ерік-жігерді қамшылау. Үнемі. Амангелді Сейітханның сараптамасы.

Әсел Асаинова, жоғары санатты эндокринолог:

Қытай мемлекетінен әкеліп ішіп жатады. Шөптің құрамында не барында білмейді. 1-2 айдың көлемінде 20-30 кг тастайды, кейін кері әсерлерін көріп жатамыз.

Сондай жағдайға ұшырағандардың бірі - Ақтау тұрғыны. 30 жастағы қыздың жүрегі 5 минутқа тоқтап қалған. Әйтеуір, дәрігерлер дер кезінде ота жасаған. Анасының сөзінше, қыз жүрегі қатты соғып, денесін мұздай тер басқан.

Мейрамгүл Кенжебаева, анасы:

Бір күн бұрын «Молекула» деген дәріні ішкен екен. Ол арықтатуға, тәбетті тартуға көмектеседі деп.

«Молекула» капсуласын интернеттен іздеп ек, жарнамадан көз ашпай қалдық. Белгілі адамдар да жарыса мақтап жатыр. Бұл өнім биологиялық белсенді қоспа түрі. Ал мұндай қоспалар Қазақстанда сатылуы үшін санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінде тіркелуі тиіс. Бірақ...

Әйгерім Жетілгенова, ҚР ДСМ Cанитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті басқармасының бас сарапшысы:

Мониторинг бойынша осы «Молекула» БАД-ы анықталды. Яғни, ол сәйкес келмеген. Оның мемлекеттік тіркеу туралы куәлігі жоқ.

Тіркелмеген өнімді қалай сатып жатқанын білмек болып, саудагерлерге хабарластық. Олар сертификат бар,-дейді. Біреуі алдаған болар деп, екіншісін көрдік. Ол да солай. Сатушылардың сөзінше, оның ағзаға зияны да жоқ, оны зиянды деп жүрген бәсекелестер екен.

Ал жоғары санатты эндокринолог пен нутрицолог пікірінше, мұндай қоспалардың зияны басында білінбейді, уақыт өте сезіледі.

Айжан Жеңісқызы, нутрицолог:

Бір айдың ішінде 2 кг артық тастауға болмайды. Ол азғаза стресс әкеледі. Ол бауырға, бүйрекке зиян. Бірінші салмақ тастағанда ісіну кетеді. Көп су кеткен кезде кіші дәретпен, көп микроэлементтер кетеді.

Әсел Асаинова, жоғары санатты эндокринолог:

Миымызда тамақ ішкен соң тойдық деген центрлары болады. Сол центрларды жаңағы дәрі тежейді. Содан кейін адам тамақ ішкісі келмейді де, денедегі майды ыдыратып шығаратын сондай да эффектілері бар.

Арықтататын дәрінің кері әсерін әншілер де айтып жүр. Ал санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті осындай өнімдердің Қазақстанда тіркелмеген 40 түрін анықтаған. Жақында комитет сайтына жарияламақ.

Әйгерім Жетілгенова, ҚР ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті басқарманың бас сарапшысы:

2023 жыл бойынша 13325 таратушы анықталды. Оның ішінде 3759 интернет профилі бұғатталды.

Біреуін бұғаттасаң, екіншісі ашылады,-дейді маман. Сондықтан ондай қоспаны алмай тұрып, «Еуразиялық экономикалық одақтың мемлекеттік тіркеу порталынан» тексеру керек. Бірақ тұрғындар ол сайтты қарайды деу қиын,-дейді заңгер Халида Наширбаева. Өйткені...

Халида Наширбаева, заңгер:

Сауатты көзқарас қалыптаспаған. Кез келген жарнамадағы тексерілмеген бұйымдарды тарату кезінде біз ешқандай тексеріс жүргізбей, сауаттылығымызды осы жағынан танытпаймыз.

Мәселе сауаттылықта да сынды. Себебі, сатушы мақсаты - пайда. Ал өнімнің өтуіне артық салмағы барлардың өздері де кінәлі сияқты.

Әсел Асаинова, жоғары санатты эндокринолог:

3-4 айға ем жазып берсек, олардың шыдамы жетпейді. Одан да дәріні алып, ішіп 1-2 айда салмақ тастағысы кеп, емделгісі кеп жатады.

Айжан Жеңісқызы, нутрицолог:

4 адамның бірі осы артық салмаққа шалдыққан. Және оңай жол іздеп, осындай дәріні жиі қолданады.

Осы тұста өзгеше пікірді Анардан естідік. Салмағы 120 келіге жуықтаған ол 21-де. Толып кетуінің себебі бойында дерті бар. Бірақ оның ішкі сырына үңілместен, сыртына қарап дәрі ұсынатындар көп.

Анар Өтегенова, қала тұрғыны:

Мынадай дәріні қолданып көр біздің компанияда бар, саған тегін береміз дегендер де болды. Мен бас тарттым. Себебі, адам өзінің психологиясымен, жанымен, жүрегімен бәрін дұрыстаса екен. БАД ішіп арықтасам, оны өзгеге ұсынбас едім.

Анар салмағынан арылғысы келеді. Бірақ, әдемілік емес, денсаулық үшін.

Анар Өтегенова, қала тұрғыны:

Тәнім мен жан саулығын баланста ұстағым келеді. Басқа комплекс деген нәрселерден жұрдаймын десем болады.

Арықтаудың басты кілті де комплексті жеңу,-дейді фитнес тренер Сейілбек. Өйткені, семіздіктің себебі де психологияда.

Сейілбек Сапар, фитнес-тренер:

Салмақ қосқан кезінде адамның өзінде гармоналдық проблемалар бар. Сол себептен оны қытайлық, кәріс солардың арқасында түсіргісі келеді де. Бірақ салмақ жинауда, салмақ тастау да, фигураны ұстау да, жасау да – барлығы қиын.

Сейілбектің сөзінше, денедегі майдан оңай құтылам деп дәріден де қауіпті жолды таңдайтындар бар.

Сейілбек Сапар, фитнес-тренер:

Басқа елдерде асқазанның мөлшерін кішірейтіп, кестіру деген бар екен. Ол өте қауіпті. Неге? Өйткені, біздің асқазан әрбір бөлшектен тұрады. Ол әр бөлшегінде тамақтың қорытылуы әртүрлі. Сіз бір бөлшегін алып тастасаңыз, тамақтың кейбір элементтері қорытылмай қалуы мүмкін де.

Салмағын саналы түрде азайтуға кіріскендердің бірі – Рауан. Ол белгілі спортшы Әйтім Жакупов бастаған «Жаңа мен» жобасына жарты жыл бұрын 205 келі болып келген. Бүгінге дейін 50 келіге жеңілдепті.

Рауан Хасенов, қала тұрғыны:

Басты мақсат денсаулығымды түзеу болды. Арықтау. 40-қа таяғасын үйленгім келді.

Рауанмен бірге 10 жігіт жаттығады. Олар күнде қалай қиналатынын көпшілік тик-ток пен инстаграмнан көріп отыр. Ал ешкім білмейтін майданда өзімен өзі күресіп жүргендердің бірі – Шыңғысхан.

Шыңғысхан Қожахмето, қала тұрғыны:

Алдыңғы кездерде 110 кг-ға шейін барды салмағым. Қазір 94 кг болдым.

Шыңғысханның спортты қолға алғанына – 1 жыл. Бастағалы тастамаған. Оны залға сүйреп апаратын – намыс.

Шыңғысхан Қожахметов, қала тұрғыны:

Үйде отырған кезде балаларым да қалжыңдайды. «Папа, мынауыңыз не» деп қарнымды ұрып қояды. Сондықтан кірісу керек болды. Екі тәсіл қолдандым. Біріншісі – дұрыс тамақтану.  Одан кейін спорт.

Негізі, артық салмақ ауырудың белгісі деп те жатамыз. Бірақ көп жағдайда салмақ қосқаннан кейін адам ауруға шалдығады,-дейді мамандар. Сондықтан алдын ала күтінген дұрыс.

Аманкелді Сейтхан, тілші:

Дәл қазір Астанада 22 градус аяз. Осы суықта біздің қолымыздың өзі дірілдеп тоңып тұрмыз. Ал осындай күні қыздар-жігіттер, міне, салқын суға түсіп жүр.

Бейсенбай Жаңатаров, қала тұрғыны:

Бұл енді адамның күні бойы сергек жүруіне, өзіне-өзіне денсаулығына жақсы деп ойлаймын. Ауылда тұрғанда үстіме шелекпен құйдым. Осында 5-ші жыл түсіп жатырмын. Жасым 62-де.

Қайрат Серікбаев, қала тұрғыны:

Былтыр, биыл осы екі жыл ішінде тұмаумен ауырғанымды көрмедім..

Суық суға түсу салмақ тастау тәсілі емес, әрине. Бірақ мұздай судан шыққанда қуаныш гормоны – «эндорфин» көп бөлінеді. Ол рухты көтеріп, қосымша күш береді. Адамға керегі де – ерік-жігер.

Аманкелді Сейтхан, тілші:

Артық салмақ 1 күнде немесе 1 айда пайда болмайтыны, рас. Сондықтан жылдар бойы жиналған майдан арылуда ұзақ уақытты талап ететіні түсінікті. Ал дәрі ішіп 1-2 айда жіптіктей боп шығасыз дегенге сенсеңіз, өз еркіңіз. Егер денеңді сен қалағандай жасап беретін «Супер дәрі» бар болса, Криштиану Роналдуға ешкім таң қалмас еді. Айтпақшы, көбіміз сол секілді болғымыз келеді. Бірақ ол сияқты еңбектенуге дайынбыз ба?


Аманкелді Сейтхан

Хабарламаларға жазылу