Оралда көктайғақтың кесірінен қоғамдық көлік қозғалысы тоқтап қалды. Қала көшелері алып мұз айдынына айналды.
Аймақта түнде қатты жел, кей жерде бұрқасын болып, соңы жауын-шашынға ұласқан еді. Қоғамдық көлік жүргізушілері жолдарға құм-тұз төсегенше, жұмысқа шықпайтындарын мәлімдеді. Облыс бойынша оқушылар сабақты қашықтан оқыды. Барлық бағыттағы жолдар жабылып, ауа райының қолайсыздығынан әуежай ұшақтарды қабылдамады.
Жағдай түскі 11-лерде ғана реттелді. Көшелерге құм-тұз қоспасы себіліп, қоғамдық көлік қозғалысы жанданды.
Көктайғақтан аяқ-қолы сынып, жарақат алғандар саны 100-ге жуықтады. Тек облыстық ауруханаға сегіз сағат ішінде түрлі жарақатпен 56 науқас түскен. Дені ренгенге түсуге кезекте тұр. Былай күндері тәулігіне 15-40 адам ғана жүгінеді екен. Аймақта алдағы екі күнде сынап бағаны -22-ден -30 градусқа дейін төмендеп, қатты аяз болатыны туралы дауылды ескерту берілді.
Алмас Жалғасбаев, дәрігер:
Адамдар өзінің ой-санасын өзгертуі керек. Бірінші байлық - денсаулық екенін есте ұстауы керек. Көктайғақ болатынын ескерткеннен кейін аяғына түрпі жапсырылған резеңке тартпаны киіп алған дұрыс. Бұл - таймаудың, құламаудың бірден-бір жолы.
Ардақ Мұратқызы
![](https://px.mediadata.kz/s.gif?mh_id=7916e9245b3c5232be2c21bfdafded87&mh_news=Оралда көктайғақтан көшелер мұз айдынына айналды&mh_tags=Qazaqstan&mh_page=https://qazaqstan.tv./index.php/news/189170/)