Елімізде әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықты болдырмау және балалардың құқығын қорғауға қатысты заңдардың қатаңдатылуы және қабылдануы бұған дейін өткен ұлттық құрылтай жұмысының нәтижесі. Сондай-ақ ұлттық құрылтайдан соң халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру бағытындағы жұмыстар да жандана түсті,- дейді ұлттық құрылтай мүшесі, заңгер Айгүл Орынбек. Ол мұнан бөлек, оқушылардың мектепке смартфон апаруына шектеу қою және оқу орындарының жекеменшікке сатылып кетуіне жол бермеу туралы заң құжаттарының қабылдануына да келелі кеңестің зор ықпалы болғанын айтады.
Айгүл Орынбек Ұлттық құрылтай мүшесі:
Оқу орындары, орта арнаулы кәсіптік колледждердің өзі жекенің қолына кетіп жатыр. Яғни, жеке адам өз инвестициясын салып, сатып алып жатыр деген шағымдар көбейгеннен кейін ұлттық кеңес аясында көтеріліп, бұл заң бойынша жұмыс істедік. Жақында ғана Президент заңға қол қойды. Бұл енді алдағы уақытта жас ұрпақтың білімі мен тәрбиесіне үлес қосатын заңның бірі деп ойлаймын.
Ал Халықаралық қазақ тілі қоғамының президенті Рауан Кенжеханұлы алда өтетін саяси жиынға білім мен тіл саласына қатысты бірнеше ұсыныс әзірлеп жатқандарын айтты. Сарапшының саралауынша, елімізде ана тілінің құрметі артып келеді. Алайда техника, ғылым, білім салаларында қазақ тілінің жайы ақсап тұр дейді. Осы мәселені реттеу үшін әлі де біраз жұмыс істеу керек деп пайымдайды.
Рауан Кенжеханұлы, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті:
Кәсіпкерлер болып, эксперттердің ортасы болып, мемлекеттік тілдің тиісті тұрғына көтеріп, тиісті деңгейде қолданыс аясын кеңейтуге барынша күш салуға келісіп жатырмыз және осыған қатысты кейбір ұсыныстарды ортаға салдық. Одан бөлек, өзмізге етене жақын және көп жылдардан бері жұмыс істеп жатқан саламыз бұл –білім сапасын көтеру. Қолжетімділігін қамтамасыз ету.
Ғани Қалмаханов
