Батыс Қазақстан облысында алимент берешегі 2 млрд теңгеге жеткен. Осының салдарынан 4 мыңнан астам бала материалдық қолдаусыз қалып отыр. Алимент төлемегендердің дені - маскүнем, нашақор, үйсіз-күйсіз, жұмыссыз жүргендер. Арасында табысын жасырып, қашып жүргендер, тапқанын балаға емес, құмар ойынға салғандар да бар, - дейді мамандар.
Прокурорлардың мәліметінше, ақшасы бола тұра, алимент төлемейтіндердің көліктері айып тұрағына қойылып, көлік жүргізу құқығынан айырылды. Мойнында миллиондаған қарызы барлар айыппұл төлеп, 3 тәулікке қамалып жатыр. Бұл үшін қылмыстық жауапкершілік те қаралған.
Жанат Нұрмағамбетова, Облыстық бала құқығы жөніндегі уәкіл:
Уәкілетті органдар заң аясында барлық шара қабылдап жатыр. Оған қоса, меніңше, алимент төлемейтіндермен үздіксіз идеологиялық, тәрбиелік жұмыс істелуі керек. Ең бастысы, ата-ана өз әрекетін түсінуі қажет. Неге өзі жауапкершілік алмайды? Неге бәрін мемлекетке артып қойған? Осы тұста бізге қоғамдық ұйымдардың, осы мәселеге бей-жай қарамайтын адамдардың қолдауы қажет.
Ардақ Мұратқызы
![](https://px.mediadata.kz/s.gif?mh_id=7916e9245b3c5232be2c21bfdafded87&mh_news=Батыс Қазақстанда алимент төлемегендердің берешегі 2 млрд теңгеге жеткен&mh_tags=Qazaqstan&mh_page=https://qazaqstan.tv./index.php/news/190818/)