Тұрғындарға пәтер шығынымен бірге үй ішіндегі мүліктің құны да өтеледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Тұрғындарға пәтер шығынымен бірге үй ішіндегі мүліктің құны да өтеледі

13.04.2024

Тасқыннан зардап шеккен тұрғындарға пәтер шығынымен бірге, үй ішіндегі зақымданған мүліктің құны да өтеледі. Бұл туралы Қостанай ауданының әкімі Берік Таңжарықов айтты. Қазір ауданға қарасты ауылдарды құрылыс сарапшылары аралап, сараптама жасауды бастап кеткен.

Қостанай облысындағы 51 ауыл, Тобыл қаласы қарайтын ең үлкен Қостанай ауданына 4 мыңға жуық адам эвакуацияланған.

Ғалия Мейірманова, Алтынсарин ауылының тұрғыны:

Үйде болған жоқпыз. Бізге алдын ала ескертті ғой, су келеді, заттарыңызды шығарыңыздар өздеріңіз де кетіңіздер деп. Бірақ біз ойладық сонша су келеді деп. Барлық өтініштерді жаздым. Документтерімді тапсырдым. Барлығы айтып жатыр осы көше бізге жаңадан үй салып берсін деп.

Жаңабай Теңгебаев, Алтынсарин ауылының тұрғыны:

Өтініш қалдырдық, жаздық. Көлікпен келіп тұрдық. Сағат сегізде келген уже осы жерге келді су. Сағат он жарымда шеткі көшеге дейін барды.

Алтынсарин ауылында өткен аптада 151 үйді су басып қалды. Шығынды есептеумен айналысатын комиссия құрылды. Сонымен бірге құрылыс сарапшылары ауылдағы үйлерді аралап сараптама жасап жүр.

Алтай Базылбеков, «Стройэксперт плюс» компаниясының сарапшысы:

Техникалық экспертиза жасап отырмыз. 80 пайыздай жарамсыз. Халықтың өтінішін алып, біздің артымызда товарно материальная экспертиза жүріп жатыр.

Еркін Сейдазимов, Алтынсарин ауылының тұрғыны:

Бұл ауылда менің мамам тұрады. Садова 16 көшесінде. Бұл үйді тоже су асып кетті. Біз мұнда көмектесуге келдік. Ең бірінші маңызды осы ауылдың тұрғындарына қаржылай көмек.

Берік Таңжарықов, Қостанай ауданының әкімі:

Заң бойынша 30 күннің ішінде. Бірақ біздер мына 3-4 күннің ішінде төлеп береміз. Пәтер шығын бөлек есептеледі. Іштегі қалған мүліктің бәрі өтелінеді.

Ақерке Бектас


Хабарламаларға жазылу