Qarmet компаниясы болаттың жаңа түрін шығарып, брендке айналдырмақшы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Qarmet компаниясы болаттың жаңа түрін шығарып, брендке айналдырмақшы

29.04.2024

Қарағандыдағы Qarmet компаниясы болаттың жаңа түрін шығарып, брендке айналдырмақшы. Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев мәжілістегі үкімет сағатында осылай деді. Бұл жиын барысында өндіріс, өнеркәсіпке қатысты өзекті проблемалар көтерілді. Министр мен депутаттардың арасында қызу талқыға салынып, кей мәселде кейінірек тағы қаралатын болды. Оңғар Алпысбайұлы толықтырады.

Алдымен Қанат Шарлапаев өнеркәсіп саласында атқарылып жатқан жұмыстар туралы депутаттарға есеп берді.

Мәліметінше өңдеу саласы оң динамика көрсетіп тұр. Былтыр ғана 22 трлн теңгенің өнімін шығарыппыз. Ең жоғары өсім ағаш өңдеу секторына тиесілі - 38 пайыз. Машина жасау 25 пайызға, жеңіл өнеркәсіп 12, ал, құрылыс 6 пайызға алға жылжыған.

Дей тұрғанмен, кез келген кәсіпорын нарық заңдарына сай бәсекеге қабілетті болуы шарт. Мәселен соңғы 3 жылда машина жасау саласына мемлекеттен 285 млрд теңге бөлінген. Соның өзінде Қазақстанда шығарылатыр көліктердің тек 9 пайызы ұсақ торапты тәсілмен құрасытрлатын көрінеді.

Нұртай Сабильянов, ҚР Парламенті Мәжілісінің Депутаты:

Қалғандары сол баяғы өзіміздің отвертканы алып, құрастыру біздің автопромның сол әдеті болып бара жатыр. Негізгі локализацияға көңіл бөлінбейді. Міне осы жағына басты назар аудару керек.

Осы сияқты мемлекеттен қаржы алған барлық кәсіпорын мен қорларға аудит жүргізу қажет. Тиімсіз тұстары анықталса уәкілетті органдар мен институттардың лауазымды тұлғаларын жауапқа тартуымыз керек деді депутаттар. Ал, Өнеркәсіп министрі жергілікті өнім көлемі жыл сайын артып отыратынын алға тартты.

Қанат Шарлапаев, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі:

Автокөлік өндірушілерінің алдында шағын торапты құрастыру (CKD) үлесін 2027 жылға қарай жалпы өндіріс көлемінен 50% - ға дейін ұлғайту бойынша міндеттемелер тұр. Ағымдағы жылдың өзінде біз шамамен 20% – ға, келесі жылы – 30% - ға, 2026 жылы - 40% - ға қол жеткізу қажетпіз.

Жиында министрліктің қағазбастылықтан әлі де арыла алмай тұрғаны да айтылды. Мәселен биыл диқандарымыз ауыл шаруашылығы техникасын жаңартуы үшін 100 млрд теңге қарастырылған. Ол жеңілдетілген пайызбен лизинг жолымен үлестірілуі тиіс еді. Бірақ...

Айдарбек Қожаназаров, ҚР Парламенті Мәжілісінің Депутаты:

Бөлінген ақшаның пайдасын шаруа биыл көрмейді. Бұл дәлелденген нақты зат. Ережелері әлі күнге дейін анықталмаған. Оңтүстікте егін науқаны бітіп жатыр. Солтүстікте 10 күннен кейін басталады. Таңғалатын зат біздің табиғаттың заңдары ауа райы үкіметтің қағазбастылығына бейімделуі керек пе?

Сондықтан депутаттар әр жоба бойынша лауазымды тұлғалардың жауапкершілігін арттыру туралы ұсыныс жасады.

Мұрат Әбенов, ҚР Парламенті Мәжілісінің Депутаты:

Әр жоба бойынша нақты уақытын қояйық. Мысалы бүгін министр өзі айтып кетті ғой. Жылдың аяғына дейін 1 млн шина шығарамыз. Мысалы мен айтар едім. Егер шын азамат болсаңыз дәл осылай батыл сөйлеп, жылдың аяғына дейін 1 млн шина шықпаса онда отставкаға беріңіз. Бере аласыз ба?

Жиында кадр дайындау, отандық өндірушілерді қолдау, қаржыландыру және салаға қатысты өзге де мәселелер көтерілді. Олардың бірқатар алдағы уақытта мәжілістегі үкімет сағаттарында қайта қаралмақ.

Оңғар Алпысбайұлы


Хабарламаларға жазылу