Қызылордада мереке аясында жомарт жандар марапатталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылордада мереке аясында жомарт жандар марапатталды

01.05.2024

Қызылордада Қазақстан халқының бірлігі күнінде су басқан аймақтарға қол ұшын созған сырбойылық жомарт жандар сый-құрметке бөленді. Тасқыннан зардап шеккен облыстарға Сыр өңірінен 200 миллион теңгенің гуманитарлық көмегі жіберіліп, 216 арнайы техника жөнелтілген болатын.

Еліміз үшін қиын сәтте түрлі ұлт пен ұлыс өкілдері де ұйысып, игі істерге көппен бірге атсалысты. «Күшіміз бірлікте» ұранымен Қазақстан халқы Ассамблеясының Қызылорда облысындағы ұйымы батыс өңірлерге бірнеше мәрте гуманитарлық көмек жіберіп, елмен бірге қиындықты еңсеруге өз үлесін қосты.

Елена Рыбина, ҚХА Мүшесі:

Бірлік, ынтымақ бұл қазақстандықтар үшін мызғымас ұстанымға айналды қазіргі таңда. Өйткені біз, осы қазақ жерінің азаматтарымыз, осы қазақ елінің азаматтарымыз сондықтан бірлігіміз әрқашан жасай берсін.

Салтанатты жиында аймақ басшысы Сыр жұртшылығына айрықша алғысын білдірді. Өйткені тасқын су басқан өңірлердегі ағайынға қол ұшын созып, көмек көрсетуде сырбойылықтар жұдырықтай жұмылып, бірліктің озық үлгісін көрсетті. Мерекелік шарада игі іске атсалысқан кәсіпкерлер, Ассамблея өкілдері мен волонтерлар марапат төрінен көрінді.

Асем Мерекова, Волонтер:

Су алып бастаған кезде қарап отыра алмай, ауданнан ерікті түрде шығып, халықтан көмек сұрадық. «Күшіміз бірлікте» атты челлендж жолдап, сол халықтың қолдауымен 9 миллионға теңгеге Ақтөбе облысына 7 автокөлікпен көмек көрсеттік.

Алдағы уақытта қызылордалықтар «Береке – бірлікте» атты республикалық акциясына үн қоспақ. Яғни, ерікті құрылыс отрядтары, волонтерлар тобы мен жастар ұйымдары тасқыннан зардап шеккен аймақтарды қайта қалпына келтіру жұмыстарына аттанбақ.

Әділбек Серікұлы

Хабарламаларға жазылу