Түркістан облысында әулеттің 4 буыны бір шаңырақта тұрады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысында әулеттің 4 буыны бір шаңырақта тұрады

15.05.2024

Ата, бала, немере мен шөбере. Түркістан облысы Төле би ауданында бір әулеттің төрт буыны бір шаңырақ астында тату тәтті күн кешіп жатыр.

Сәбит ақсақал жасы 88 келсе де бақшаны өзі күтіп баптайды. Немерелерін де баулиды. Ағаштың жемісті болуы күтімге, ұрпақтың тәлімді болуы тәрбиеге байланысты»- дейді ол.

Сәбит Әбілдаев, тыл ардагері, ардагер ұстаз:
Өмірге бейімдеу, жұмыс жағынан, оқу-тәрбие жағынан болсын бұл ата-ананың борышы. Соның арқасында балаларымның бәрі еңбекқор.

Ұстаздар отбасы 7 ұл-қыз тәрбиелеп өсірді. 40 жылдан астам мектепте ұстаздық еткен Айымжан апа қазір немере келіндерінің ақылшысы. Жастарға әдептен бастап, қонақ күтімі, үй тірлігінің жайын айтып, түсіндіруден жалықпайды.

Айымжан Әбілдаева ардагер ұстаз:
Біздің қазақтың үй тірлігі көп қой. Соның барлығын үйрену қажет. Міне осының өзі көзге көрінбейтін үлкен тәрбие. Содан барлық бауырмалдық, туысқандық пайда болады.

17 жасында босаға аттаған Ридана қазір отбасыда келін мен ене қызметін қатар атқарады. Жас кезінде көпбалалы үйге үйрену оңай болмағанын еске алады.

Ридана Жошиева , тұрғын:
Сол кезе қиналдым. Ұйқым қанбайды, қыдырғым келеді деген секілді. Бірақ қазір соның рахатын көріп отырмын. Сол балалардың барлығы мені сыйлайды. «Ой, сіздің жапқан наныңыз-ай» деп. Соны естігенде қуанып қаламын. Қиналған күндерім түк болмағандай.

Үй ішінің қызыққа, қуанышқа толы болуы отбасындағы бауырмалдық пен жарасымды тірліктің арқасы. Осындай өнегелі өмірдің арқасында бір шаңырақта әулеттің 4 буыны тату-тәтті өмір сүріп жатыр.

Ғани Қалмаханов

Хабарламаларға жазылу