Семейде «Этносаралық қақтығыстарды реттеудегі медиактивтік тәсіл» атты семинар-тренинг өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Семейде «Этносаралық қақтығыстарды реттеудегі медиактивтік тәсіл» атты семинар-тренинг өтті

16.05.2024

Семейде «Этносаралық қақтығыстарды реттеудегі медиактивтік тәсіл» атты семинар-тренинг өтті. Жиынға Абай облысына қарасты қала мен аудандардан әкім орынбасарлары мен ішкі саясат бөлімдерінің басшылары қатысты.

Медиация — үшінші, яғни бейтарап, әділ, жанжал нәтижесіне мүдделі емес тараптың қатысуымен өтетін дауларды реттеудің баламалы түрі. Семинарға қатысушылар этносаралық қақтығыстардың алдын-алуда медиация арқылы қалай шешуге болатыны туралы ой түйді.

Назерке Аққожина, Абай облыстық Ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары:

Этномедиация дегеніміз бұл этносаралық қақтығыстар туындаған жағдайда осыны шешу жолдарын, яғни тәсілдерін үйрету. Бұл салада қазір көп жұмыстар атқарылып жатыр. Күні кеше ғана қаламыздағы қоғамдық келісім Достық үйінде Этномедиация кабинеті ашылды. Мамандар алған білімдерін сол жерде жүргізе алады.

Жиында сала мамандары біліктіліктерін арттырып, өзара тәжірибе алмасты. Солардың бірі - Үржар ауданынан келген Аяулым Азаматқызы. Осы салада еңбек етіп жүргеніне 2 жылға жуықтаған. Мұндай басқосу жас мамандарға білімін жетілдіруге қажет, дейді.

Аяулым Азаматқызы, Үржар аудандық «Қоғамдық келісім» орталығының әдіскері:

Бұл семинар тренинг барлығымызға керек. Жұмыс барысында қолдану үшін, алдағы уақытта осындай қақтығыстардың алдын реттеу мақсатында. Білімді шыңдау мақсатында келіп отырмыз.

Семинарда этносаралық қақтығыстардың дамуының негізгі кезеңдері, әлеуметтік-тұрмыстық жанжалдардың этносаралық қақтығыстардан айырмашылығы, оны реттеу кезінде жергілікті билік органдарының, этнос өкілдерінің рөлі сынды дәрістер оқылды.

Данияр Әлімқұл

Ержан Жақып 

Хабарламаларға жазылу