Қызылорда облысында «Мерейлі отбасы» байқауы басталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылорда облысында «Мерейлі отбасы» байқауы басталды

16.05.2024

Қызылорда облысында «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауына өтінім қабылдау басталды. Биыл 11-ші мәрте өтетін конкурс аудандық, қалалық және облыстық кезеңнен тұрады. Халықаралық отбасы күнінде үлгілі әулеттер мен жас жанұялар сый-құрметке бөленді.

Жылдан жылға отбасы құндылығын дәріптейтін байқаудың ауқымы кеңейіп келеді. Былтыр аймақта 300-ге жуық отбасы шоқтығы биік сайыста сынға түсіп, ерекше белсенділік танытқан. Қазақылықтың қаймағы бұзылмаған өңірде шаңырағын шаттыққа бөлеп, көпке өнегесімен үлгі болған әулет көп. Сондықтан, бұл жолы да «қатысушылардың қатары артпаса, кем болмайды»,-дейді ұйымдастырушылар.

Қаламқас Кәрімова, «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының комиссия хатшысы:

Халықаралық отбасы 15 мамырдан бастап 15 маусымға дейін бізде құжаттарды қабылдау кезеңі басталады. Құжаттарды қабылдау аудандық және қалалық қоғамдық даму бөлімдері арқылы жүргізіледі. Былтырдан бастап жаңа өзгеріс енгізілді. Барлық өңірден қатысқан отбасылар лауреат болып танылып, барлығына бірдей жеңімпаз ретінде жүлделер беріледі.

«Мерейлі отбасы» байқауының бұрынғы жеңімпаздары мен жүлдегерлері, қазыналы қарттар мен жас жанұялар облыс әкімдігінің «Алғыс» хатымен марапатталып, сый-сияпат табысталды. Ал ардагерлер отбасы құндылығы жайында жастарға өсиет айтып, биылғы ұлттық конкурсқа қатысушыларға сәттілік тіледі.

Арайлым Махамбетжанова, қала тұрғыны:

Біз қаламыздағы Отбасы орталығына келіп отырмыз. Бұл жаққа ақсақалды, ақжаулықты ата-әжелеріміз келіп жатыр. Сол кісілердің батасын алуға және сол кісілерге ән шашуымызды арнап келіп отырмыз. «Мерейлі отбасы» байқауына қатысу ойымызда бар. Осы өнер саласы атынан. Өзіміздің өнерімізді көрсетіп.

Былтыр қалада заманауи үлгідегі Отбасы орталығы ашылды. Жас жанұялардың қалыптасуына ұйытқы болып, түрлі мемлекеттік бағдарламаға қатысуына бағыт-бағдар беретін орталықтан бүгінде 2 мыңға жуық жас отбасы кеңес алған.

Әділбек Серікұлы


Хабарламаларға жазылу