Сенатор мүлікті сақтандыруды ұсынды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сенатор мүлікті сақтандыруды ұсынды

16.05.2024

Бүгін Сенат депутаты Бибігүл Жексенбай төтенше жағдай салдарынан келген шығынды өтеудің жаңа жолдарын қарастыруды ұсынды. Яғни жылжымайтын мүлікті сақтандыру ісін жүйелендіру керектігін айтты. Елімізде бұл мәселе соңғы жылдары кезең-кезеңімен талқыланып келе жатқанына екпін түсірді.

Биылғы су тасқынынан өңірлерде 13 мыңға жуық жер үй су астында қалған. Қазір Үкімет пен жергілікті билік апаттың зардаптарын жою бойынша кешенді шаралар жүргізіп жатыр. Алайда бюджеттің бүйірін солқылдата бермей, басқа тетіктерді қолдану қажет. Мысалға соңғы 20 жылда дүниежүзінде табиғи апаттардың саны екі есе өскен. Ал Қазақстанның 75 пайызы табиғи қаупі жоғары аумаққа жатады. Халықаралық тәжірибе бойынша мұндай табиғи және техногендік апат аймақтары бар елдерде арнайы сақтандыру қорлары, мемекеттік бағдарламалар, міндетті сақтандыру жүйесі жұмыс істейді,- дейді депутат Бибігүл Жексенбай.

Бибігүл Жексенбай, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
Шетелдік сақтандыру компанияларында тәуекелдер қайта сақтандырылады. Қайта сақтандыру тетіктерінің көмегімен әлемнің түкпір-түкпіріндегі компаниялар тәуекелдерді өзара бөлісіп, зардап шеккендерге сақтандыру төлемдерінің түсуін қамтамасыз етеді. Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, апаттық тәуекелді сақтандырудың барлық сәтті үлгісі ықтимал шығындардың орасан зор көлеміне байланысты мемлекеттік-жекеменшік әріптестік қағидаты бойынша жүзеге асырылады.

Мәселен былтыр жер сілкінісі болған Түркияда 1999 жылдан бері апаттық тәуекелдерден міндетті сақтандыру бағдарламасы іске қосылып, оның аясында мемлекеттік сақтандыру компаниясы құрылған. Сонымен қатар жылжымайтын мүліктің шамамен 50 пайызы осы міндетті бағдарламамен қамтылған.

Байрам Авунч, сарапшы:
Жер сілкінісіне қарсы сақтандыруды төлемеген жағдайда мемлекет үйдің құжаттарын бермейді. Тіпті су, жарық, газыңызды да қостыра алмайсыз. Алайда сақтандыру құны қымбат емес. Оның үстіне жылына бір рет қана төлейсіз. Егер жер сілкінісі бола қалған жағдайда үйіңіз орналасқан қалаға байланысты мемлекет тиісті өтемақы береді. Ең жоғарғы өтемақы Стамбұл қаласында 40 мың доллар шамасында. Яғни мемлекеттік сақтандыру үйіңіздің толық құнын жаппаса да белгілі бір бөлігін өтейді.

2024 жылдың алғашқы екі айында былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда мүлікті ерікті сақтандыру шарттары 77,3%-ға өскен. Сақтандырылған тұрғын үйлер саны бойынша Астана көш бастап тұр. Оның үлесіне жаңа сақтандыру шарттарының жартысы – 50,4% келеді. Алматының үлесі небәрі – 14,85 пайыз ғана. Алайда су басқан аймақтарда жеке мүлікті сақтандыру деңгейі өте төмен – 1%-дан да аз.

Азамат Бейбітұлы, тілші:
Өкінішке қарай Сенатор айтқандай біз әлі де жылжымайтын мүлікті сақтандыру ісі әлі де алға жылжымай тұр. Көбіміз тек көлікті сақтандырумен шектелеміз. Бірақ бұл процесс табиғи апат қауіпі басым елдерде кеңінен қолданысқа елген тәжірибе. Сондықтан апат болған жағдайда бюджетке ғана иек артып келеміз. Алайда біздегі сақтандыру компаниялары жаппай мүлікті сақтандыруға дайын ба? Талабы мен пайыздық таразысы қандай? Бұл жеке-дара заң жобасында талқылану тиіс мәселе.

Азамат Бейбітұлы


Хабарламаларға жазылу